Үш сарбаздың қолынан қаза тапқан: офицердің отбасы соттың ашық өтуін талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
капитан Дархан Дәулеттің отбасы Астанаға келді/фото: kursiv.media

Жаркенттегі әскери гарнизонда қаза тапқан бақылау тобының аға офицері, капитан Дархан Дәулеттің қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Іс Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.

Марқұмның туыстары сотқа қатысу үшін Жетісу облысы Панфилов ауданынан елордаға келді.

Істің мән-жайы

Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркент қаласына инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан.

2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.

4 сотталушы тағылған айыпты мойындамады

2025 жылдың 29 мамырында сот басталды. Айыптау актісіне сәйкес, бір офицер мен үш сарбазға қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі (алдын ала ұйыдасқан қылмыс, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған күш қолдану әрекеттерi адам өліміне әкеп соққан жағдай) негізінде айып тағылған.

Сотта төртеуі де тағылған айыпты мойындамады.

Тағылған айыпқа келіспей, қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігіне ауыстыруды сұраған. Ал бұл бапта «абайсызда қазаға ұшырату» әрекеті көрсетілген.

«Біз мұны қасақана жасаған жоқпыз, абайсызда болды деп, төртеуі де мойындап отырған жоқ», – дейді марқұмның қарындасы Тоғжан Дәулет.

Үш сарбаз қалай әрекет еткен

Сотталушылардың ішінде майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

Тоғжан Дәулеттің сөзінше, Дархан Дәулет 23:30 шамасында ротаны тексеріп шыққан. Бақберген Рустамұлы көңілін аударып тұрған, қалған екеуі артынан бас салған. Аят Шакир қол-аяғын қайырып байлаған, Нұрман Әбсадық қимылдамауы үшін үстіне жатып алған. Үшеуі сол жерде сап алаңында әрі-бері тасып жүрген.

Әскери қалашықтың шетінде шұңқыр бар екен, Дарханды сол жерге лақтырған. Жолда Дархан көмекке шақырған, ешкім көмектеспеген. Сол кезде Аят Шакир Дарханның қолындағы былғары қолғабын шешіп алып, Бақберген Рустамұлына берген.Ол аузына тыққан. Шакир сол кезде үстіндегі спорт киімінің бауын шешіп алып, аузын байлаған.

«Үшеуі де артына қарамай ұйықтайтын жеріне қашып кеткен. Барып, сержант Инаят Абимолдаға баяндаған. Ол да «барып ұйықтаңдар» деген. Шұңқырдың ішіне тастаған кезде Дархан тірі болған. Сержант Абимолда 30 минуттан кейін ғана басқа аға лейтенантқа «көріп келші» деп тапсырған. Сараптама Дарханның тыныс алу жолдарын жұмсақ затпен бекіткендіктен ауа жетіспей қайтыс болғанын көрсетті», – дейді марқұмның қарындасы.

Марқұмның отбасы марқұм мен сотталушылар арасында жанжал шықпағанын, алайда мұндай әрекетке баруына не себеп болғанынан бейхабар.

Батальон командирі бұйрық берген

«Батальон командирі Дархан Қазтай өзінің құқығы мен өкілеті шегінен шығып, әскери бөлім аумағында әскери қызметшілерге, оның ішінде басшылық құрамына қатысты, олардың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде өзге де күш қолдану арқылы әскери қылмыстық құқық бұзушылық жасауға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакирге көрінеу заңсыз бұйрық берген. Батальон бойынша кезекшілер қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кедергі келтірсе, өз тарапынан қолдау болатынын айтқан», – делінген айыптау актісінде.

Ал мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакир батальон командирі Дархан Қазтай тарапынан қолдауға ие болып, оның бұйрығын орындауға өз еріктерімен келісім берген.

«Дархан Қазтай әскери бөлім аумағында әскери қызметшілерге, оның ішінде басшылық құрамына қатысты күш қолдануға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асырып, яғни күш қолдану арқылы қол-аяғын байлап, үнін шығармау үшін аузын жауып, шеткері жерге тастап кетуі салдарынан денсаулыққа аса зиян келіп, адам өліміне әкеп соғу мүмкіндігін түсініп, соған қарамастан өзіне бағынышты мерзімді әскери қызметшілер Рустамұлы, Шакирге көрінеу заңсыз бұйрық беріп қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған», – делінген айыптау актісінде.

Тағылған айып

Дархан Қазтайға қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі – 439-бабының 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдануды ұйымдастыру;

Бақберген Рустамұлы қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдану;

Аят Шакир қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолдану;

Нұрман Әбсадық қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі – адам өліміне әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бастықтың әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде оған қатысты өзге де күш қолданды деген айып тағылған.

Жылы жауып қоюға тырысқан

Дархан Дәулет қайтыс болғаннан кейін марқұмның үйіне Панфилов ауданы әкімдігенен лауазымды қызметкерлер, Қоңырөлең ауылының әкімі, Жаркент полициясының бастығы барған.

Марқұмның әпкесі Назерке Бариеваның айтуынша, олар істі шулатпауға шақырған, «өзіміз шешейік» деген ұсыныс айтқан. Шу шықса арты арандатушылыққа ұласады деп жеткізген.

Еске сала кетейік, бастапқыда министрлік әскери қызметкердің жоспардан тыс сабақ өткізу кезінде қаза тапқанын хабарлады.

«2024 жылдың 14 қарашасында диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу барысында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды»,- делінген Қорғаныс министрлігінің сол кезде таратқан ақпаратында.

Марқұмның әпкесі жалған ақпарат таратудың да қылмыс екенін айтып отыр.

«Неге күллі Қазақстанға жалған ақпарат таратады? Оқиға түнгі он екі, бір шамасында болған. Бізге таңғы 7-де айтты. Арадағы 6 сағат бойы не істеді?», – дейді ол.

Сот YouTube арқылы көрсетіле ме?

Жәбірленуші Тоғжан Дәулет сот басталған кезде судьядан істі онлайн форматта көрсетуге өтініш білдірген.

«Сот келесі сот отырысында қарастырамыз деді. Іс қаралып жатқан сот залы кішірек, келесі жолы барлық техниканы қоюды қарастыратындарын айтты. Өтінішімізді кері қайтарған жоқ, талқылаймыз, айтамыз деді», – дейді Тоғжан.

Келесі сот отырысы 2025 жылдың 10 маусымында сағат 10:00-де өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз