10 жылда балалар үйлеріндегі бала саны екі есеге азайған

Жыл сайын қазақстандықтар 1000-нан астам жетім баланы асырап алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлім етті.
Былтыр балалар үйлеріне балама қамтамасыз ететін балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізілген.
«Жүргiзiлген шаралардың нәтижесiнде балалар үйлерiнде тәрбиеленетiн балалар саны соңғы 10 жылда екi есеге қысқарды», – деді спикер.
Сонымен қатар ол балалар үйінің түлектерін әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» қайырымдылық акциясы елдің барлық аймағында іске асырылып жатқанын жеткізіп, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілгенін атап өтті.
Бұған дейін, Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгені хабарланған.