ХВҚ: Инфляция мен мұнайдың арзандауы Қазақстан экономикасына қауіп төндіріп тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан экономикасына
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан экономикасы жақсы өсіп жатқанымен, алдағы уақытта оны тежейтін елеулі қауіптер бар. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәлімдемесінде жазылған.

Қор мамандары елімізде инфляция үдеп жатқанын және ол 2025 жылы 10,5% деңгейінде қалуы мүмкін екенін ескертті. Бұл — Ұлттық банктің нысаналы көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.

ХВҚ мамандары тежеуші ақша-несие саясатын жалғастыруды, яғни базалық мөлшерлемені жоғары ұстауды ұсынды. Себебі баға өсімі халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, экономиканың тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Мұнай арзандаса – экспортқа соққы

Қазақстан экспорты мен бюджетінің негізгі табыс көзі — мұнай. ХВҚ сарапшылары егер мұнай бағасы төмендесе, бұл ел экономикасына қосымша қысым түсіретінін ескертеді.

Оның үстіне, Қазақстанның басты сауда серіктестері саналатын елдердегі экономикалық өсім де баяулап жатыр. Бұл — экспорт көлемінің азаюына және шетелден инвестиция тартудың қиындауына алып келуі мүмкін.


Ірі жобалар кідіріп жатыр: өсім баяулауы мүмкін

Қор мәлімдемесінде инфрақұрылымдық жобалардағы кідірістер де басты тәуекелдердің бірі ретінде көрсетілді. Егер жоспарланған жобалар уақытында іске аспаса, бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуін баяулатуы ықтимал.

Сонымен қатар ХВҚ сауда протекционизмінің күшеюін де атап өтті. Яғни, әлемдік нарықта кедендік тосқауылдардың артуы Қазақстан тауарларының бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін.

Несие көп, қадағалау әлсіз

Қазақстанда тұтынушылық несиелер қарқынды өсіп келеді. Бұл өз алдына тәуекел тудырады. Осыған байланысты ХВҚ макропруденциалдық саясатты күшейтуді қолдайтынын мәлімдеді. Қаржы ұйымдары тарапынан қарыз берудегі бақылау күшейсе, банктердің тұрақтылығы артады дейді сарапшылар.

Әлемдік нарықтағы қиындықтарға қарамастан былтыр Қазақстан экономикасы 5,1 пайыз өсім көрсеткен.

Сондай-ақ оқыңыз