Банктер төрт айда 900 млрд теңге табыс тапты

2025 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан банктері 904,5 млрд теңге көлемінде таза пайда тапты. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Тек сәуір айындағы таза пайда 240 млрд теңгеден асқан.
Үздік бестік
Екінші деңгейлі банктер арасында табыстылық бойынша Halyk Bank көш бастап тұр. Төрт айда қаржы институтының пайдасы 334 млрд теңгеге жетсе, соның 86,9 млрд теңгесі сәуір айында тіркелген.
Halyk Bank актив көлемі бойынша да бірінші орында – 18,5 трлн теңге. Оның 11,9 трлн теңгесі (шамамен 64%) несиелерге бағытталған. Несие портфелінің 4,5%-ын 7 күннен асқан, 3,7%-ын 30 күннен асқан және 2,7%-ын 90 күннен асып кеткен қарыздар құрайды.
Екінші орында – Kaspi Bank. Компания бір айда 45,5 млрд теңге табыс тапты. Жалпы төрт айлық көрсеткіші – 173,7 млрд теңге.
Kaspi Bank активі 8,4 трлн теңгені құрап, несие портфелі 6,5 трлн теңгеге жеткен. Алайда банк портфелінде мерзімі өткен несиелердің үлесі салыстырмалы түрде жоғары:
- 7 күннен асқан – 7,9%;
- 30 күннен асқан – 6,6%:
- 90 күннен асқан – 5,1%.
Үшінші орынға Банк ЦентрКредит жайғасты. Сәуірде банк 19,6 млрд теңге, ал жыл басынан бері 98,1 млрд теңге таза табыс көрсетті. Бұл банктің активі 7 трнл теңгеге жуықтайды, БЦК 4,1 трлн теңге несие берген. Негізінен, оның мерзімі өткен қарыздары салыстырмалы түрде төмен: 3,2%-ы – 7 күннен, 2,4%-ы – 30 күннен, 1,8%-ы – 90 күннен асқан.
Jusan Bank те оң нәтижемен ерекшеленді – сәуірде 17,1 млрд, ал қаңтар-сәуір аралығында 56,3 млрд теңге пайда тапқан. Jusan Bank 1,3 трлн теңгеге несие берген, алайда мерзімі өткен несие үлесі 7 күннен асқанда – 12%, 30 күннен – 10%, 90 күннен – 7,7%-ға жеткен.
Бестікті ForteBank түйіндеп тұр – оның сәуірдегі табысы 16,4 млрд теңге, ал төрт айда 58,6 млрд теңге жинаған. Банк қоржынындағы актив 4,5 трлн теңгеге жеткен, несие портфелі 2,5 трлн теңгені құрайды.
Ондыққа енген банктер
Таза пайдасы бойынша алтыншы орында «Отбасы банк» келеді. Тұрғын үй бағдарламаларының операторы сәуірде – 9,7 млрд, ал жыл басынан 46,3 млрд теңге табыс тапқан. Одан кейін:
- «Ситибанк Қазақстан» – сәуірде – 7,4 млрд, жалпы 27,8 млрд теңге;
- Bank RBK – сәуірде – 6,4 млрд, жыл басынан 23,9 млрд;
- Bereke Bank – сәуірде – 5,1 млрд, жыл басынан 18,2 млрд;
- Home Credit Bank – сәуірде – 4,2 млрд, қаңтар-сәуірде 13,7 млрд теңге таза пайда алған.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов банк секторы тұрақты екенін айтқан.