Гватемалада 3000 жылдық тарихы бар майя қаласының қалдықтары табылды

Гватемаланың солтүстігіндегі джунгли арасынан археологтар шамамен 3000 жыл бұрын салынған көне майя қаласының орнын тапты. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
«Лос Абуелос» деп аталатын бұл қала – ежелгі өркениеттің маңызды діни және салтанатты орталықтарының бірі болған.
Гватемаланың Мәдениет министрлігінің хабарлауынша, Лос Абуелос қаласы әйгілі Уашактун археологиялық орнынан 21 шақырым жерде орналасқан. Бұл қала шамамен б.з.д. 800–500 жылдар аралығындағы Орта Преклассикалық кезеңге жатады. Археологтар оны майя өркениетінің ең көне және маңызды салтанатты орталықтарының бірі ретінде бағалап отыр.
Қаланың атауы — «Лос Абуелос», яғни «Ата-әжелер» деген мағына береді. Бұл атау археологтар тапқан екі адам бейнесіндегі мүсінге байланысты қойылған. Ғалымдар бұл мүсіндердің ата-бабаларға табыну салтымен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
Археологиялық топтың құрамында Гватемала мен Словакия зерттеушілері бар. Уашактун ұлттық саябағының бұрын зерттелмеген бөлігін зерттеу барысында 16 шаршы шақырымды алып жатқан көне қаланың орнын анықтаған.
Қалада бірегей канал жүйесі, Преклассикалық кезеңге жататын қабырғалық суреттері бар 33 метрлік пирамида, сондай-ақ өңірге тән ерекше иконографиямен безендірілген ескерткіштер мен ғимараттар бар екені анықталған.
Гватемала Мәдениет министрлігі бұл жаңалықтың маңызын ерекше атап өтті:
«Үш ірі ескерткіштің жиынтығы бұрын белгісіз болып келген көне қалалар үшбұрышын құрайды. Бұл ашылым Прехиспандық Петеннің діни және саяси құрылымын қайта ойлауға жол ашады», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстанда археологтар 20-ға жуық ескерткіш пен қола монета, былғары сынды көне заттарды тапқан еді.