Балаларды қорғау күніне орай Астанада қандай шара өтеді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанада бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
әкімдік мәліметінше шараға орай, Астанадағы қалалық алаңда ерекше балалардың қатысуымен жарқын мерекелік шоу ұйымдастырылады.
«Елорда тұрғындары мен қонақтары 1 маусым күні қала әкімдігі алдындағы алаңда өтетін «Балалар – біздің бақытымыз» концерттік бағдарламасына шақырылады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сағат қаншада басталады?
Мерекелік іс-шара сағат 10:00-де басталады. Сахнада «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қорының шығармашылық ұжымы өнер көрсетеді. Шара Сарыарқа аудандық әкімдігінің қолдауымен өтеді.
«Әлем балалардың көзімен»
Бұдан бөлек көркемөнер мектебі мен UNICEF Қазақстан ұйымының демеушілік етуімен, мерекеге арналған «Әлем балалардың көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау салатанатты шарасы өтеді.
Күні бойы балаларға арналған шаралар
Мерекелік шаралар сағат 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жалғасады. Атап айтқанда, «Демалыс променад» аумағында концерт ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
«Көрермендер үшін ән, би және тосынсыйларға толы бағдарлама дайындалған», – деп хабарлайды әкімдік.