Немістің Lufthansa әуе компаниясы қазақстандықтардың моральдық шығынын өтейді

Қазақстан соты немістің Lufthansa әуе компаниясын жолаушыларға келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді. Бұл туралы өзінің телеграм арнасында заңгер Данилхан Шағатаев жазған.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға 2023 жылдың 21 желтоқсаны күні болған. Франкфурт-на-Майнеден Алматыға бет алған LH1648 рейсі аяқасты бағытын өзгертіп, Астанаға қонған. Ұшақта балалары мен бірге қазақстандық жолаушылар болған.
Әуежайда олар 4 сағатқа дейін рейсін күткен. Бұл аралықта компания оларды ыстық тамақпен, сусынмен, қонақүй және трансфермен қамтамасыз етпеген. Компания жағдайды түсіндірмеген. Ақырында әуе компаниясының өкілі жолаушыларға Алматыға билет алып, өз беттерінше жетуді ұсынған. Ал билет құнын Lufthansa әуе компаниясы кейін өтейтінін айтып сендірген. Жолаушылар жағдай түсініксіз болған cоң, өз қаражатына билет алып, Алматыға жеткен.
«Нәтижесінде жолаушылар 2023 жылдың 22 желтоқсанында келесі рейске билетті басқа «FlyArystan» АҚ авиакомпаниясынан сатып алды. Сонымен бірге олар қонақүй мен артық багаж үшін төлеуге мәжбүр болған» – дейді заңгер.
Авиакомпания әрекеті
Бірақ билет құнын өтейтінін мәлімдеген компания уәдесінде тұрмаған. Бір жарым жыл бойы жолаушылар Азаматтық авиация комитетіне арыз жазған. Бірақ еш нәтиже шықпаған.
Содан кейін жолаушылар білікті заңгерлердің көмегіне жүгінген. Олар Монреаль конвенциясын басшылыққа ала отырып, шетелдік авиакомпанияға қатысты Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотына талап арыз түсірген.
Сот үкімі
Нәтижесінде сот Lufthansa компаниясын әрбір жолаушыға сатып алынған билеттер құнын, қонақүй шығындарын, артық багаж үшін төлемдерді және моральдық шығынды және сот шығындарын өтеуге міндеттеген.
«Бұл жергілікті ғана емес, шетелдік авиакомпанияларды да сотқа беруге болатынын көрсетеді», – дейді Шағатаев.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.