Ресей соғысты тоқтатпаса, АҚШ келіссөз жүргізуден бас тартады

Ресей соғысты тоқтатуға ниетті болмаса, АҚШ келіссөз жүргізуді тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ-дағы АҚШ өкілі орынбасарының міндетін атқарушы Джон Келли айтқан.
Украина бітімшершілік келісімді сөзсіз қабылдаған
Келли БҰҰ кеңесінің Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты «ерте тоқтату» туралы қарар қабылдағанына үш айдан астам уақыт өткенін, бұл қарарды Украина тарапының сөзсіз қабыл алғанын, ал Ресейдің әлі шешім қабылдамағанын атап өткен. Айтуынша, бейбітшілік бойынша, Ресей негізгі талаптарын ұсынуы керек болған. Бірақ әлі нақты шешім шығармаған.
АҚШ өкілі осы бейбітшілік келісім аясында Ресейдің Украинаны ең ірі ракеталармен атқылау туралы әскери қадамын айыптайтынын жеткізген.
Атысты тоқтату
Келли егер Ресей де, Украина да бейбітшілікке шынайы мүдделі болса, АҚШ-тың еуропалық серіктестерімен, Біріккен Ұлттар Ұйымымен атысты тоқтатуға бар күшін салу тиіс екенін айтады.
«Егер, Ресей осы алапат соғысты жалғастыру туралы қате шешім қабылдаса, АҚШ бұл қақтығысты тоқтату үшін ортақ келіссөз жүргізуді тоқтату мәселесін қарастыруы мүмкін. Бұлай ету арқылы біз өз принциптерімізден немесе достарымыздан «бас тартпаймыз». Керісінше, біз Ресейдің қалаған нәтижеге жету үшін АҚШ-пен жұмыс істеуден бас тартқанын мойындаймыз», – деді Джон Келли.
Ресейге қарсы санкциялар пакеті
АҚШ өкілі бұл қақтығыстың әскери шешімі жоқ екенін, қазіргі ұсынылып отырған бітімгершілік келісімнің Ресей үшін тиімді екенін атап өткен.
«Президент Путин бұл келісімді қабыл алуы керек. Біз Ресейді де, Украинаны да бейбітшілікке ұмтылу үшін қиын, тарихи шешім қабылдауға шақырамыз. Бұл соғысты аяқтау жауапкершілігі ақыр соңында солардың мойнында. Егер тараптардың бірі мұны істей алмайтынын немесе қаламайтынын дәлелдесе, оның салдарын өзі көтереді», – деген Келли.
Сонымен бірге Ресейге қарсы санкциялар пакеті дайын тұрғанын, бірақ оның іске қосылмағанын да ескерткен.
Еске сала кетсек, жақында Дональд Трамп Путиннің отпен ойнап жатқанын айтты. Ол Путиннің бейбіт келісім бойынша өз талаптарын әлі жібермегенін, созбаққа салып жібергенін сынаған.
«Ол көп адамды өлтіріп жатыр. Оның несі бар екенін мен білмеймін. Сайтан алғыр, оған не көрінді?» – деп ашуланды Трамп.