Қант диабеті дертінің алғашқы белгілері қандай?   

Жарияланды 30 Мамыр 2025 16:45

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Қант диабетімен жақсы өмір сүруге болады – Денсаулық сақтау министрлігі / фото: shutterstock
Қант диабетімен жақсы өмір сүруге болады – Денсаулық сақтау министрлігі / фото: shutterstock

Қант диабеті – Қазақстанда ең көп таралып келе жатқан дерт.  Елімізде ресми түрде 400 мыңнан аса адам осы аурумен өмір сүріп жатыр.

Шындығында, нақты сан бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал. Бұл диагнозбен тіркелгендер саны ғана. Көп адам осы дертке шалдыққанын білмей жүре беруі әбден мүмкін.

Алдағы болжам бойынша, қант диабетімен ауыратындардың саны арта түспек. 2030 жылға қарай миллионға жуықтауы ғажап емес.

Қант диабеті деген не?

Қант диабеті – қандағы қант, нақты айтқанда, глюкоза деңгейінің шамадан тыс жоғарылататын созылмалы ауру. Оның 1 тип және 2 тип деп бөлінетін екі түрі бар.

1 типті диабетке келсек, ағзада инсулин мүлде өндірілмей қалады. Бұл түрі көбіне балалар мен жастарда кездеседі.

2 типті диабет ересектерге тән. Инсулин әсері жеткіліксіз немесе дұрыс бөлінбейді.

Назар аударатын 6 белгі

Қант диабетінің 6 белгісі бар. Бұларды байқап қалсаңыз, міндетті түрде эндокринолог дәрігерге қаралғаныңыз жөн.

Қазақ халқы қант диабетін «сусамыр» деп бекер атамаған. Алғашқы белгілерінің бірі – жиі шөлдеу. Ауыз оқтын-оқтын құрғай береді.

Кіші дәретке әдеттегіден жиі шыға бастағаныңызды байқасаңыз, алаңдауға негіз болғаны.

Күнделікті істеп жүрген жұмысыңыз, сізге ауыр болып көріне бастаса, түстен кейін не түс қайта үнемі жүйкелей бастағаныңызды байқасаңыз, медициналық тексеруден өтуге асыққаныңыз абзал.  

Түнде аяқ-қолдың жиі ұюы да – тағы бір нышаны, десек қателеспейміз. Сонымен қатар, қант диабеті көру қабілетінің нашарлатады.  Жараларыңыздың жазылуы қиындай бастайды.

Негізгі себептері

Бұл дерт тұқым қуалайтын қасиетке ие. Егер ата-аналарыңыздың бірі сусамырға шалдыққан болса және оған сіз ұқсайтын болсаңыз, денсаулығыңызға қатты мән берген жөн.

Артық салмақ, қимыл-қозғалыстың аздығы, қант пен көмірсуға бай тағамдарды көп тұтыну да қант диабетіне әкеп соғады. Қан қысымына мән бергеніңіз абзал. Ұзаққа созылған күйзеліс, ұйқының бұзылуы – себептердің бірі.

Қалай алдын алуға болады?

Әрине, бұл дерттің алдын алуға болады. Ең тиімді тәсіл – салауатты өмір салты. Қант диабеті дертінен сақтануға диета мен дене қозғалысы үлкен көмек болады.

Мәселен, күніне кем дегенде 30 минут белсенді қозғалыс жасаңыз. Фитнеске бару немесе жаяу жүру, жүгіру ләзім. Бұл артық салмақты бақылауда ұстауға да сеп болады.

Диетаға келсек, қант пен ұн өнімдерін шектеген абзал. Күріш, картоп және майлы еттерден де тартынған дұрыс. Көкөніс, жеміс-жидектерді жиі тұтыну қажет. Жылына бір рет қан құрамын тексертіп тұру артық етпейді. Ұйқыны түзет, уайым-қайғыға берілуден алшақ болыңыз.

Бұл дертті ерте анықтау асқынуға жол бермейді. Дер кезінде анықталмаса, жүрек ауруы, көру қабілетінің төмендеуі, аяқ-қол жансыздануы сияқты ауыр жағдайларға тап болуыңыз ғажап емес.

Диабет өмір сапасына кедергі емес

Десе де, заманауи медицина диабетті қатерлі арулардың тізімен шығаруы ықтимал. Денсаулық сақтау министрлігі диабетпен жақсы өмір сүруге болатынын жария етті.

Мәселен, министрліктің штаттан тыс бас балалар эндокринологы Гүлмира Абдуахасова соңғы 30 жыл ішінде диабет диагностикасы мен емінде үлкен өзгерістер бар екенін мәлімдеді.

«Бізде мониторинг жүйесі пайда болды. Инсулиндік помпалар шықты. Мемлекет балаларға оларды тегін береді. Өте жақсы инсулиндер пайда болды. Қазір диабетпен өмір сүру сапасы жақсарды. Дәрігерлер соңғы жаңалықтарға қол жеткізіп отыр. Диабетпен жақсы өмір сүруге болады», – дейді маман.

Қазақстанда бүйрек, жүрек және қант диабеті ауруларының инновациялық препараттары шығарыла бастады.

Сондай-ақ оқыңыз