Құлсарыда жарылыс: екі адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды

Атырау облысы, Құлсары қаласындағы Махамбет Өтемісұлы даңғылында газ бен ауа қоспасының күшті жарылысы болды.
Мұның салдарынан алапат өрт шықты. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер жарылыс орнындағы өртті сөндіріп жатыр.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс салдарынан үш бірқабатты құрылыс, газ құю станциясы және оның жанындағы екі қабатты ғимарат зақымданған.
ТЖД мен өрт сөндіру қызметінен 60 адам мен 10 техника жұмылдырылған.
Қазір олар газ тасымалдаушы көлікті суытып, өрт ошақтарын оқшаулап, қауіпті аймақтан адамдарды эвакуациялауда.
Алдын ала мәлімет бойынша, Құлсарыда жарылыс кезінде 14 адам зардап шеккен. Оның екеуі қаза тапты.
Жарылыстың нақты себебі мен өрт аумағы анықталып жатыр.
Мұның алдында Атырауда атыс болып, үш адам зардап шекті.