Абылай Мырзахметов шартты түрде босату туралы өтінішін қайтарып алды

«Атамекен» ұлттық палатасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қайтарып алған. Осыған байланысты сот оның өтінішін қараусыз қалдырды. Бұл туралы Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Сотталушының бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтініші оның кері қайтаруына байланысты қараусыз қалдырылды», – деп нақтылады сот өкілдері.
Былтыр ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Одан бөлек қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасында ақша мемлекет кірісіне тәркіленген. Оған жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқаруға тыйым салынды. Мырзахметов сотта толығымен кінәсін мойындады.
Осы жылы 15 мамырда ол шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш берген еді. Енді оны өзі кері қайтарып алып отыр.