
Әлемдегі ең ірі автонарық – Қытайда жаңа бір дағдарыс басталды. Автокөлік өндірушілері арасындағы қатаң бәсекелестік ресми шектеулерге бағынбайтын жаңа сатылым тәсілдерінің пайда болуына әкелді. Соның бірі жаңа көліктерді тізгінделген авто ретінде сату. Бұл бір жағынан тұтынушыға тиімді, ал екінші жағынан ҚХР үкіметі үшін бас ауыртарлық мәселе.
Жаңа көлік «сұр» нарықта ескі деп сатыла бастады
Қытайда кең таралып жатқан бұл тәсілге сәйкес, көлік алдымен ресми тіркеледі, нөмір алады, бірақ жолға бірде-бір рет шықпаған күйде қайталама нарыққа жеткізіледі. Құжат жүзінде бұл тізгінделген көлік, іс жүзінде ол жаңа. Great Wall Motor директорлар кеңесінің төрағасы Вэй Цзяньцзюнь бұл үрдіс туралы мәселе көтеріп,қоғам мен биліктің назарын аударды.
Оның айтуынша, тек онлайн платформаларда мұндай тізгінделмеген көліктерді сататын төрт мыңнан астам дилер бар. Олар көлікті тіркеп, бірден қайта сатады. Бұл оларға бағаны заң шеңберінен тыс төмендетуге мүмкіндік береді. Ал тұтынушы үшін бұл айтарлықтай үнем.
Мәселенің түп-төркіні – баға бәсекесі
Бұл құбылыс нарықтағы сұраныс пен ұсыныс күресінің табиғи салдары. Қытайдағы автоөндірушілер бір-бірінен озып шығу үшін бағаларын үнемі төмендетіп келеді. Әсіресе электромобильдер мен жаңа брендтер арасындағы бәсеке жоғары. Енді міне, сатып алушыларды тарту үшін бағаны төмендетуден өзге жол қалмағандай көрінеді.
2025 жылдың алғашқы төрт айында Қытайда жаңа автокөлік сатылымы үшінші ай қатарынан өсіп отыр. Қаңтар-сәуір айларында шамамен 7 млн жаңа көлік сатылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,2% артық. Ал бір ғана сәуір айында 1,78 млн жеңіл көлік сатылып, бұл 2024 жылдың сәуірімен салыстырғанда көрсеткіштің 14,8% өскенін көрсетеді.
Бұл динамика жеңілдіктер мен акциялардың нәтижесі. Алайда билік баға демпингін шектеуге тырысып отыр. Осыған жауап ретінде кейбір дилерлер жаңа көліктерді формалды түрде тіркеп, қолданылған ретінде сатуға көшті. Бұл заңды айналып өтіп, арзан баға ұсынудың бір жолы.
Биліктің жауабы: жедел жиналыс пен тергеу
Қытайдың Сауда министрлігі бұл мәселеге жедел әрекет етті. Great Wall Motor басшысының мәлімдемесінен кейін шұғыл жиналыс ұйымдастырылды. Оған BYD, Dongfeng Motor секілді алпауыт компаниялар, салалық қауымдастықтар мен ірі онлайн сауда алаңдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ресми түрде тіркелген, бірақ пайдаланылмаған көліктердің қайталама нарықта көбеюі және бұл тенденцияның нарыққа тигізер әсері талқыланды. Билік салықтан жалтару, баға манипуляциясы, тұтынушыны шатастыру сияқты қауіптерді атап өтті.
Қазірше нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ талқыланған ұсыныстар арасында – жаңа көліктерді қайта сатуға дейінгі ең төменгі жүріс талаптарын енгізу, мұндай көліктерге арнайы белгілер қою немесе тіркеу жүйесін қатаңдату сияқты шаралар бар.
Бұл уақытша тәсіл ме, әлде жаңа тренд пе?
Мүлде тізгінделмеген көліктер – заң мен нарықтың арасындағы «сұр» аймақ. Тұтынушы үшін бұл тиімді: жаңа көлік, бірақ арзан. Дилер үшін де ыңғайлы: баға шектеуін айналып өтеді. Бірақ мұндай тәжірибе нарықтың жалпы құрылымына кері әсер етуі мүмкін.
Егер ресми бағалар мен ұсыныстар қайталама нарықтан төмен болса, сатып алушылар сол бағытқа көбірек көңіл бөледі, ал дилерлердің пайдасы азаяды. Бұл өндірушілерге де, нарыққа да қауіп төндіретін фактор.
Tesla-ның өзі Қытайда электромобиль сату жағынан BYD-дан 12 есе артта қалып отыр. Ford сынды америкалық брендтер сауда шиеленістерінен кейін Қытай нарығынан кете бастады. Мұндай жағдайда жергілікті компаниялар үшін тұрақтылық пен сенімділік маңызды. Себебі баға жарысы ұзақмерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін.
Автонарықты не күтіп тұр?
Қытай билігі бұл «сұр» схемаларға көз жұма қарай алмайды. Қазірдің өзінде онлайн платформалардағы көлік сатылымы мұқият тексеріліп жатыр. Жақын айларда жаңа ережелер мен талаптар енгізілуі мүмкін.
Платформалар мен дилерлер әлі де жаңа көліктерді «ескі» етіп сатып, арзан баға ұсынуды жалғастырып отыр. Біреулер бұл қулық десе, енді бірі нарықтың бейімделу жолы дейді. Бірақ бір нәрсе анық: Қытай автоөндірісі жаңа кезеңге қадам басты. Бұл жерде технологиядан бөлек, қатаң талаптар мен ережелерді айналып өтудің де амалын таба білу маңызды болып отырғандай.
Еске сала кетсек, бұған дейін Asia.nikkei.com басылымы Қытай сұраныстан көп автокөлік өндіріп, жаңа тарифтік қақтығыс тудыруы мүмкін, деп хабарлаған еді. Бұл көлік көп шығаратын Оңтүстік Корея, Еуропалық одақ сынды аймақтардың автодиллерлері үшін қауіпті. Себебі аталған жағдай бағаның құлдырауына әкеледі.