Тоқаев Al Jazeera телеарнасына: Жаңа Қазақстан құру оңай емес (видео)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera телеарнасына сұқбат беріп, республикадағы реформалар барысы туралы әңгімеледі.
Араб тілінде хабар тарататын Al Jazeera телеарнасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алды. Ақордада шамамен жарты сағатқа созылған әңгіме Тоқаевтың үш жыл бұрын Жаңа Қазақстан құру туралы уәдесінен басталды. Телеарна журналисінің алғашқы сұрағы да сол туралы болды. «Өзіңіз уәде берген Жаңа Қазақстан құрдым деп ойлайсыз ба?» деп сұрады ол.
– Иә, біз әлі құрып жатырмыз. Шынымды айтсам, оңай шаруа емес. Өйткені Қазақстаннан тыс жерлерде реформа барысына әсер еткен көптеген оқиғалар болып жатыр.
– Ковид, Украинадағы соғыс…
– Иә, әлбетте. Өте оңай шаруа емес деп ойлаймын. Бізге ашық, прагматик бола тұра, реформа жүргізу барысында батыл қадамдарға бару керек болды. Сол себепті мен қарамағымдағыларға күн тәртібіндегі мақсатқа жету үшін нық әрекетке көшу керектігін үнемі айтамын. Жұмыс әлі атқарылып жатыр, бірақ нәтижесі бар, – деп жауап берді президенті.
Әрі қарай телеарна тілшісі мемлекет басшысынан екі державаның ортасында орналасқан Қазақстанға олардың ықпалына түсіп қалмас үшін не істеу керектігін сұраған. Тоқаев сыртқы саясатта айтарлықтай реформа жүргізіп жатпағанын» айтып, оның себебін «корсервативті құбылыс» деп түсіндірген.
«Бірақ Қазақстаннан тыс жерлерде болып жатқан оқиғаларға назар аударуға тура келеді. Қазақстан – Еуразияда, әсіресе Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздік тірегі. Әуелден-ақ біз ірі державалар, көршілер арасында тепе-теңдік сақтау саясатын ұстана отырып, ұлттық мүддемізді күйіттедік. Сол себепті сыртқы саясатымызды қайта жаңартып жатырмыз деп айта алмас едім», – дейді Тоқаев.
Телеарна Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы Ресей арқылы өтетін құбырмен ағатынын тілге тиек етіп, президенттен стратегиялық мүдде мәселесі туралы сұраған.
«Біз Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі, көршісі және одақтасы екенін ұмытпауымыз керек. Әлемдегі ең ұзын шекара Қазақстан мен Ресей арасында. Әлбетте, біз Ресейге стратегиялық әріптес ретінде иек артамыз. Әсіресе Каспий құбыр желісі консорциумында (КҚК).
Жақында ғана мен президент Путинмен телефон арқылы сөйлестім. Біз КҚК, оны болашақта қалай пайдалану керектігі туралы ашық сөйлестік. КҚК әрі қарай да біздің мұнайды Ресей арқылы Еуропа нарығына және одан әрі қарай тасу құралы болып қала береді», – деп мәлімдеді президент.
Араб тілінде хабар тарататын Al Jazeera телеарнасы 1996 жылы Катар әмірінің жарлығымен құрылған. Оның бас кеңсесі Дохада орналасқан.