Діңгегі бекімеген ұйым: Тоқаев БРИКС-ке кірмеу себебін түсіндірді

Араб тілінде хабар тарататын Al Jazeera телеарнасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұқбат алып, БРИКС-ке кіруден не себепті бас тартқаны туралы сұрады. Әңгіме барысында байлықтың әділетсіз бөлінісі де сөз болды.
БРИКС ұйымына кірмеу себебі
Al Jazeera тілшісін Ресей мен Қытай секілді ірі державалар арасында орналасқан Қазақстанның не себепті BRICS ұйымына кіруден бас тартқаны қызықтырды. Ұйымға Қытай мен Ресейден басқа тағы сегіз ел кіреді. Астана осы ұйымға кіруден 2024 жылы бас тартқан.
«Біздің осы ұйымда бақылаушы мәртебесін алу жөніндегі өтінішімізді қолдаған елдерге алғысым шексіз. Бірақ мен өте прагматик адаммын. Мен ол құрылымның діңгегі әлі нығая қоймағанын көріп отырмын. Ешқандай құрылымы, жарғысы, хатшылығы, бағдарламасы және басқалары жоқ», – дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның осы ұйымға кіру жоспары жоқ екенін тағы мәлімдеп өтті. Оның пікірінше, БРИКС-те «бақылаушы ел мәртебесі Қазақстан үшін жеткілікті».
Трамп тарифтері туралы
Жарты сағаттық сұқбат барысында АҚШ президенті Дональд Трамптың әлем елдеріне салған баж салығы туралы да сөз болды.
«Өкінішке қарай, жақында АҚШ әкімшілігі біздің экспортқа өте жоғары баж салығын салды. Бірақ мұндай үрдіске қайғырып отырған біз жоқ. Менің ойымша, бұл мәселе келіссөздер барысында шешіледі», – дейді Тоқаев.
2025 жылғы сәуірдің басында Трамп Қазақстан экспортына қосымша 27% баж салығын енгізген. Кейін Қазақстан Құрама Штаттармен келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болған.
Байлықтың әділетсіз бөлінісі туралы
Al Jazeera Қазақстан байлығының 30%-ын халықтың бір пайызын ғана құрайтын байлар бақылауда ұстап отырғаны, 50 пайыз халыққа бар болғаны 5% тиесілі екені туралы дерек келтірді. Мұндай теңсіздікті қалай шешу керек?
«Байлық бөлінісі туралы дұрыс айтып отырсыз. Осы мәселе президент ретінде мені де толғантады. Бұл – ауқымды мәселе. Сол себепті мен Әділетті Қазақстан құру тұжырымдамасын ұсындым. Өзіңіз де білесіз, әділет Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдерінде тапшы. Біз осыны шешкіміз келеді. Иә, осындай мәселе (байлықтың әділетсіз бөлінісі) бар. Мен оны мойындаймын«, – дейді президент.
Экономика туралы
Тоқаев әңгіме барысында «менің 2029 жылы аяқталатын президенттігім» деген сөз тіркесін қолданып, соған дейін мұнай-газдан басқа секторларды дамытқысы келетінін айтты. Қазір Қазақстан экспортының жартысынан астамы мұнай шикізаты саласына тиесілі. 2029 жылға дейін мұндай үлес азая ма?
«Қазақстан 2060 жылға қарай көмірсутек тұтынбайтын елге айналады. Республика уран өндірісінен әлемде бірінші орында тұр. Әлем нарығындағы уранның 40%-ы Қазақстанға тиесілі», – деп жауап берді Тоқаев. Оның пікірінше, алдағы бес жылда Қазақстан цифрлы елге айналады.
ЕҚЫҰ және HRW сыны туралы
Телеарна тілшісі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Қазақстанға жиын, митинг өткізу еркіндігі жетіспейді деп есептейтінін алға тартты. Алайда Тоқаев халықаралық ұйым уәжімен келіспейді.
«Жоқ. Мен олай деп есептемеймін. Біздің заңдарымыз айтарлықтай демократияшыл. Жалпы алғанда, Қазақстан демократиялы ел. Соған жету үшін көп іс тындырдық. Сондықтан маған ЕҚЫҰ-ның бағасы маңызды емес. Себебі ол өте біржақты ұйым. Дегенмен біз оның институттарымен әріптестік орнатып отырмыз», – дейді президент.
Al Jazeera өкілі Human Rights Watch (HRW) секілді халықаралық ұйымдардың Қазақстанда саяси бірлестіктерді тіркеу қиын екені туралы дерегін келтірді. Мәселен, 24 мәрте тіркеле алмаған саяси ұйымдар бар. Осы салада қандай да бір реформа керек пе?
«Мен олай деп есептемеймін. Себебі мен өз стратегиямды жүргізіп отырмын. Ол «заң мен тәртіп» деп аталады. Біз заңнаманы халықаралық стандарттарға сай етіп жасадық. Бізге HRW секілді ұйымдардың кеңесімен жүру қажет емес. Біз оны кім және қандай елдер қаржыландырып отырғанын білеміз», – деп жауап берді Тоқаев.
Президент билігі туралы
Әңгіме аяғында Тоқаев Қазақстанды реформашыл ел деп атап, 2029 жылы президент қызметін кететінін тағы да мәлімдеді.
«Мен 2029 жылы қызметтен (президенттіктен) кететінімді жариялап қойдым. Себебі бұны менің халқым талап етіп отыр. Әр елдің президенті, әсіресе біздің елімізде, ең әуелі мемлекеттік басқарушы ғана. Оны құдай жолдаған жоқ. Ол – мемлекет менеджері. Біздің жағдайға оралар болсақ, оны адамдар бар болғаны жеті жылға жалдады», – деп аяқтады әңгімесін мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан, президент Путинмен әңгімесі туралы пікірін Kursiv.Media материалынан оқыңыз.
Араб тілінде хабар тарататын Al Jazeera телеарнасы 1996 жылы Катар әмірінің жарлығымен құрылған. Оның бас кеңсесі Дохада орналасқан.