Вьетнамда 1 млрд долларға Trump Tower зәулім ғимараты салынады

Вьетнамның ірі іскер қаласында Trump Tower деп аталатын биік ғимарат салынады. Оған 1 млрд доллар бөлінеді. Құрылыс 2026 жылы басталады. Бұл туралы Reuters дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Агенттік мәліметінше, Хошимин қаласында кем дегенде 60 қабаттан тұратын ірі құрылыс Trump Organization ұйымының екінші ірі жобасы. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың отбасылық бизнесі. Қазір Вьетнам Вашингтонда сауда келіссөздерін жүргізіп жатыр. Трамп Оңтүстік-Шығыс Азиядағы осы елге 46% баж салығын салған.
Компанияның аға вице-президенті Эрик Трамп өткен аптада Вьетнамда болды деп жазды Reuters. Ол Хошиминде зәулім ғимарат салатын орынды көруге барған. Президенттің ұлы Вьетнамның солтүстігінде гольф-шипажай ғимаратының іргетасын қалаған. Trump Organization гольф-клубты басқарса, ал оның вьетнамдық әріптесі Kinhbac City 1,5 млрд доллар инвестицияға соның құрылысын жүргізеді.
Дереккөздің айтуынша, Trump Tower жобасы да осындай қағидамен жүзеге асуы мүмкін. Инвестиция негізінен жергілікті әріптестерден түседі. Эрик Трамп өткен аптада Хошиминде жергілікті шенеуніктермен де кездескен. Reuters мәліметінше, Трамп атындағы мұнара Тху Тхием ауданында салынуы мүмкін.
Хошимин – Вьетнамдағы ірі істерлік қала. Мұнда 9,4 млн адам тұрады.
Дональд Трамп биыл сәуірдің басында әлем елдеріне баж салығын енгізген уақытта Вьетнамға қатты шүйліккен. Артынша Ақ үй қожайыны Ханой америкалық тауарға баж салығын мүлдем алып тастайтын болды деп жазған.