Тоқаев Қазақстанда Италия университеттерінің филиалдарын ашуды ұсынды

«Орталық Азия – Италия» бірінші саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Италияның техникалық университетінің филиалдарын ашуды ұсынды.
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен алғашқы саммит аясында Тоқаев білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде шамамен 4 мыңға жуық қазақстандық студент Италияда білім алуда. Президент Италия үкіметіне жастардың елдегі үздік университеттерде оқуына мүмкіндік беретін гранттар мен шәкіртақылар үшін алғыс айтты.
«Италиялық техникалық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз әсіресе инженерлік-техникалық білімге мүдделіміз», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Қазақстанның технопарктер мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Ол Алматыда Италия мәдениет институтының ашылғанын еске салып, бұл екі ел арасындағы байланыстардың нығая түскенін көрсететінін жеткізді.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия – Италия» бірінші саммиті өтіп жатыр. Саммитке –Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони, сондай-ақ Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері қатысуда.