«АвтоВАЗ» алғашқы кроссоверін шығарып жатыр. LADA-ның жаңа нұсқасы қандай болады

Жарияланды 30 Мамыр 2025 16:50

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
LADA-ның жаңа кроссовері нарыққа 2026 жылы шығады / Фото: avtonovostidnya.ru

АвтоВАЗ өз тарихында алғаш рет кроссовер шығармақшы. Премьераның күні мен уақыты да анықталып үлгерді.  LADA B-Plus Cross жаңа шағын кроссоверінің алғашқы көпшілік алдындағы таныстырылымы 18 маусым күні Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПМЭФ) өтеді.

«Автопоток» Telegram-арнасының инсайдерлік ақпаратына сенсек, таныстырылым аясында «АвтоВАЗ» болашағы бар модельдің сыртқы келбеті мен интерьерін көрсетіп қана қоймай, оның ресми атауын да жариялайды.

«АвтоВАЗ» компаниясының техникалық даму және стратегия жөніндегі атқарушы вице-президенті Евгений Шмелев бұл кроссоверді концерннің жас дизайнерлерінің «туындысы» деп атап, оны өндіріске 2026 жылы енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Қазір нақтырақ мерзім де белгілі — 2026 жылдың бірінші тоқсаны.

Фото: avtonovostidnya.ru

Тольяттилік блогер KhaDm деректеріне сәйкес, жаңа LADA B-Plus Cross — толықтай «ваздың» алғашқы кроссовері және «АвтоВАЗ» тарихындағы панорамалық төбесі бар алғашқы көлік болады. Модельдің құрамында барлығы 1802 бөлік болады: оның 819-ы басқа көліктерден алынған, 211-і — LADA-ның басқа модельдерінен өзгертілген, ал 772-і — мүлде жаңа бөлшектер.

Сондай-ақ, кроссовер тек алдыңғы жетекпен ұсынылады деп күтілуде. Капот астында жаңартылған 1,6 және 1,8 литрлік ВАЗ қозғалтқыштары орналасады: қуаты тиісінше 120 және 136 ат күшін құрайды. Бұл қозғалтқыштарға алты сатылы механикалық қорап немесе Қытайда өндірілген вариатор жұптасады. Сонымен қатар, сыбыстарға қарағанда, үшінші нұсқа — 150 ат күшіне ие турбоқозғалтқыш пен автоматты беріліс қорабы (мүмкін, тағы да вариатор) ұсынылуы мүмкін.

Айта кетейік, осыған дейін АвтоВАЗ Тольяттиде жаңа кросс-лифтбек Lada Granta Active Cross моделін таныстырған болатын. Автокөлік «Granta»  үшін жаңа саналатын қызыл металлик «Фламенко» түсінде ұсынылды.

Сондай-ақ, АвтоВАЗ алғаш рет жұртшылыққа Lada e-Aura электромобилін таныстырған болатын. Бұдан бөлек,  Lada Iskra көлігінің өндірісі де басталды. Әзірге бар болғаны төрт көлік шығарылды: екі седан және екі универсал.   

Сондай-ақ оқыңыз