Жаңалықтар

Астанада «Орталық Азия-Италия» бірінші саммиті басталды

«Орталық Азия-Италия» бірінші саммитіне – Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері қатысуда / Фото: Ақорда

Астанада Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің қатысуымен алғашқы саммит басталды.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитіне қатысушы мемлекеттер басшыларын қарсы алды. Саммитке – Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері қатысуда.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы сөз басында сыртқы істер министрлері деңгейінде басталған саяси диалогтың бүгінде жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Бұл – Орталық Азияның геосаяси маңызының артып келе жатқанын және өңір елдері мен Италияның ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ұмтылысын айғақтайды. Бүгін біз инвестиция, сауда, энергетика, экология, көлік, логистика, білім және ғылым салаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммит мақсаты – саяси диалогты нығайту, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өңір мемлекеттері мен Италия арасындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындау.

«Орталық Азия плюс» форматы өңірден тыс серіктестермен диалог құрудың тұрақты алаңына айналды. Мұндай саммиттер бұған дейін Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропалық одақ және басқа да елдердің қатысуымен мемлекет басшылары деңгейінде өткен болатын.

Италия тарапы Орталық Азия өңірін энергетика, логистика, инфрақұрылым және жаһандық сын-қатерлерге қарсы күрес салаларында маңызды әріптес ретінде қарастырады. Бүгінгі саммит қорытындысы бойынша көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Айта кетейік, 29 мамырда Қазақстанға Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони ресми сапармен келді.  

Сондай-ақ, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Биылғы форумның тақырыбы – «Connecting minds, shaping the future». Форум аясында 40-тан аса панельдік сессия, бейресми пікірталастар мен басқа да бағдарламадан тыс шаралар өткізу көзделген. Форум аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы форум алаңында Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуриді және Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Эми Поупты қабылдаған болатын.