Spiking деген не? Cаяхатта одан қалай сақтануға болады?

Жарияланды 31 Мамыр 2025 18:09

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Spiking деген не? Cаяхатта одан қалай сақтануға болады?
Spiking деген не? / Фото: Shutterstock

Spiking — адамның хабарынсыз және рұқсатынсыз ішіп отырған сусынына немесе тамағына алкоголь/есірткі заттарын қосу. Бұл көбіне адамды әлжуаз күйге түсіріп, тонау, харассмент жасау, заңсыз сурет/видеоға түсіру, зорлау мақсатында жасалады. 

Spiking жасаған адамның мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ оның ниеті ешқашан жақсы емес! Спайкинг заңсыз әрекет және бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 

Қылмысқа қолданылған заттың күші, мөлшері, құрбанның денсаулық жағдайы, салмағына байланысты спайкинг белгісі 15 минут ішінде немесе одан ұзағырақ уақытта пайда болады. 

Cпайкинг белгілері:

  • Өзіңді әлсіз немесе ауырып тұрғандай сезіну
  • Бас айналу
  • Масайған күйде болу
  • Айналадағы заттарды анық көре алмау, заттардың бұлдырап көрінуі
  • Аяқта нық тұра алмау
  • Дұрыс сөйлей алмау
  • Ерсі қылықтар жасау
  • Галлюцинация
  • Ұйқың келу
  1. Өзіңізден немесе айналаңыздағы адамдардан осыған ұқсас белгілер байқасаңыз, бірінші кезекте, ықтимал құрбанды қауіпсіз жерге көшіру керек. 
  2. Оқиға белгілі бір мекеме (бар, мейрамхана, клуб) ішінде болса, әкімшілік немесе қауіпсіздік қызметкерлерінен көмек сұраңыз. 
  3. Құрбанның жанында сенімді адамдар болса, оларды да көмекке тартыңыз. Бірақ оның өзіңіз танымайтын немесе сенбейтін адамдармен таксиге отырып кетуіне жол бермеңіз. 
  4. Уланған адамды таза ауаға шығарып, таза су беріп, мүмкіндік болса, ауруханаға жеткізген дұрыс. Ауруханада қан құрамында есірткілік заттар бар/жоғын тексеретін тест жасатыңыз. 
  5. Полицияға хабарласыңыз. 

Көбіне спайкинг құрбандары «полиция сенбейді, өзімізді айыптайды» деген қорқынышпен құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Осыдан спайкинг фактілері ресми тіркелген оқиғалардан әлдеқайда көп. Спайкинг — маңызды мәселе, сондықтан ол туралы жиі айту, қоғамды құлағдар ету бұл тақырып төңірегіндегі стигманы азайтып, қауіпті қылмыстың алдын-алу, оны азайтуға көмектеседі. 

Жалғыз саяхаттайтын адамдардың ең үлкен қорқыныштарының бірі: спайкинг құрбаны болу. Өйткені соло-саяхатшылар бөтен елде үнемі бейтаныс адамдардың арасында жүреді, көбіне жаңа танысқан кісілердің үйінде тұрады, жолай қонақ болуға шақырған адамдардың қолынан ас-су ішеді. 

Спайкингтің алдын-алуға көмектесетін қауіпсіздік ережелері:

  • Сусыныңыздан көзіңізді айырмаңыз
  • Басқа адамдардың бокалынан сусын ішпеңіз
  • Танымайтын адамның қолынан сусын алмаңыз
  • Ішкенде біртүрлі дәм болса, бірден төгіп тастаңыз
  • Әрдайым ішкі түйсігіңізді тыңдаңыз
  • Өзіңізге жайсыз ортадан тезірек кетуге, сенімсіз адамдардан іргеңізді аулақ салуға тырысыңыз
  • Достарыңыз бен сенімді адамдардың жанында болсаңыз да, қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз. Өкінішке қарай, спайкинг фактілеріне жақын танитын адамдардың қатысы болады.

Маңызды: спайкинг құрбандары көбіне виктимблеймингке (жапа шеккен адамның өзін кінәлау) ұшырайды. «Өзің клубқа бармасаң, бейтаныс адамдарға сенбесең, жаңа танысқан достарыңмен кешкісін қыдырмасаң, алкоголь ішпесең, бұлай болмас еді» деген сарындағы айыптаулар естиді. 

Бірақ қылмысқа әрдайым қылмыскер ғана кінәлі! Достарымен алкоголь ішкен немесе түнгі клубқа билеуге барған адам — спайкинг құрбаны болуға лайық емес! Адамның өмір салты қандай болса да, оның тамағы немесе суына артық зат қосу — ҮЛКЕН ҚАСТАНДЫҚ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫС!

Сондай-ақ оқыңыз