ОПЕК+ шілде айында мұнай өндірісін тағы арттырады

ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел шілде айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 411 мың баррельге арттыру туралы келісімге келді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі сенімді дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Бұл — аталмыш елдердің өндірісті қатарынан үшінші ай қатарынан ұлғайту туралы шешімі. Бұған дейін мамыр мен маусым айларына да осындай ұлғайту жоспарланған болатын.
Қандай елдер өндірісті арттырады?
Өндірісті ерікті түрде шектеп келген сегіз ел мыналар: Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Алжир, Кувейт, Қазақстан және Оман.
Бұл мемлекеттер 2023 жылдың сәуірінен бастап өндірісті жалпы алғанда тәулігіне 2,2 млн баррельге қысқартқан еді. Бастапқы жоспар бойынша бұл шектеулер 2026 жылдың қазанына дейін біртіндеп алынып тасталуы тиіс болатын. Алайда, мамыр айында олар бұл кестеден бас тартуға шешім қабылдады.
Бұл не үшін қажет?
ОПЕК+ ұйымы мұнай нарығында тұрақтылық сақталып келеді және әлемдік экономикаларда өсім бар деген болжамға сүйеніп, өндіру көлемін ұлғайтуды жөн көрген. Сонымен қатар, мұнай қорының төмендеуі де өндірісті арттыруға түрткі болған себептердің бірі.
Бұдан бөлек, альянс бұл қадам бұған дейін қысқартылған көлемдерді өтеу үшін қажет екенін де атап өтті. Алайда жаңа өтем кестесі әзірге жарияланған жоқ.
Bloomberg деректеріне қарағанда, шешім бірауыздан қабылданғанымен, кейбір елдер, соның ішінде Ресей, өндірісті көбейтуді уақытша тоқтата тұруды ұсынған. Бірақ көпшілік елдер өсімді қолдап дауыс берді.
Мұнай бағасы қандай?
2025 жылғы сәуірде мұнай бағасы төрт жылдағы ең төмен деңгейге — бір баррель үшін $60-тан төмен түсіп кеткен болатын. Бұл жағдайға АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғыстары мен төмен сұраныс әсер еткен еді. Осыдан кейін ОПЕК+ алғаш рет жоспардан тыс өндіріс көлемін арттыру туралы мәлімдеді.
ОПЕК+ елдерінің келесі кездесуі 2025 жылғы 6 шілдеге жоспарланған. Онда тамыз айына арналған өндіріс квоталары талқыланады. Ұйым өкілдері қазіргі келісімдер нарықтағы жағдайға байланысты тоқтатылуы немесе қайта қаралуы мүмкін екенін де айтты.