Құлсарыдағы жарылыс: зардап шеккендер саны он алтыға жетті

Құлсары қаласының жанармай құю бекетіндегі жойқын жарылыс салдарынан зардап шеккендердің саны 16 адамға жетті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жанармай бекеті 30 мамырда жарылған, Алғашқыда 14 адам жарақат алғаны айтылған болатын. Алайда кейіннен бұл сан артты. Екі адам оқиға орнында көз жұмған.
Қызыл жалын 450 шаршы метрді шарпыды
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс газ таситын көліктен жанармай резервуарына газ құйылып жатқан сәтте орын алған. Кенет тұтанған от екі ғимаратқа таралып, 450 шаршы метр аумақты жалын шарпыған.
«Қазір өрттің нақты себебін анықтау үшін облыстық ТЖД-дан үш және аудандық бөлімнен үш маман оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.
Зардап шеккендердің жағдайы қандай?
Жарылыстан зардап шеккендердің қатарында 25-тен 75 жасқа дейінгі азаматтар бар. Оларды 5%-дан 22% аралығында күйін шалған. Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асұлан Абдрахмановтың айтуынша, қазір:
- 5 адам аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр,
- 6 адам амбулаториялық емделуге үйіне жіберілген,
- 3 науқас облыстық ауруханаға ауыстырылған.
«Пациенттердің жағдайы тұрақты. Өмірлеріне қауіп жоқ», – деді дәрігер.