Трамп болат пен алюминийге салынатын салықты екі есе көтермек

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 маусымнан шетелден келетін болат пен алюминийге салынатын салық тарифін 25%-дан 50%-ға дейін арттырмақ. Бұл жөнінде ол өз әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп жазады Reuters.
«Біз 25%-ға тағы 25% қосамыз. Осылайша, АҚШ-қа әкелінетін болатқа тариф 50%-ға дейін өседі. Бұл шешім отандық болат өнеркәсібін бұрынғыдан да берік қорғайды», – деген еді Трамп бұған дейін Пенсильваниядағы жиында сөйлеген сөзінде.
Сауда қысымы: жаңа салықтар кімге әсер етеді?
Бұл қадам әлемдік болат және алюминий өндірушілеріне қосымша қысым жасап отыр. АҚШ-тың ішкі нарығын қорғау саясаты аясында қабылданған бұл шара, бір жағынан, сауда соғысының жаңа кезеңі болуы ықтимал.
Бұған дейін Федералдық сот бұл тарифтерді заңсыз деп танып, оларды тоқтату жөнінде шешім шығарған болатын. Алайда Трамп әкімшілігі бұл шешімге қарсы апелляция беріп, соттан тыйымның күшін жоюды сұрады. Апелляциялық сот бұл өтінішті қанағаттандырды.