Президент саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Мемлекет басшысы боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұл дата Кеңестік тоталитарлық жүйенің зұлматы салдарынан жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған. 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 31 мамыр ресми түрде бекітілген.
Тоталитарлық жүйенің салдары
1920–1950 жылдары Кеңес Одағында орнаған сталиндік режим жеке адам еркіндігін тұншықтырып, халықты жаппай қудалауға ұшыратты. Қазақстан да бұл зобалаңнан тыс қалмады. Күштеп ұжымдастыру, халықтың мал-мүлкін тәркілеу, отырықшыландыру саясаты – барлығы қазақ қоғамының әлеуметтік және демографиялық құрылымына орны толмас соққы әкелді.
1932–1933 жылдардағы ашаршылық
Ашаршылық – қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең ірі қасіреттерінің бірі. 1932–1933 жылдары жүргізілген науқан салдарынан 1,5 миллионнан астам адам көз жұмған. Ал кей зерттеулерде бұл көрсеткіш 2,3 миллионға дейін жетеді. Ашаршылықтан қазақ халқы 40 пайызға дейін кеміді. Мыңдаған отбасы тіршілік үшін шетел асуға мәжбүр болды.
1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін
Сталиндік «Үлкен террор» науқаны кезінде Қазақстанда 118 мыңнан астам адам қуғындалып, олардың 25 мыңға жуығы атылды. Қуғын-сүргін қазақтың көрнекті тұлғаларын – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов және басқаларын жалмаған Ұлттық элита жойылып, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым халықтың сан мыңдаған өкілі абақтыл мен лагерге қамалды.
1950 жылдардан бастап қуғын-сүргін құрбандарын ақтау басталды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 2020 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.