«Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – қастерлі борыш» – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада ел тарихындағы ең ауыр кезеңдерге әділеттік орнату – ұлт алдындағы парыз екенін атап өтті. Мемлекет басшысы соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда кең ауқымды зерттеу жұмыстары атқарылғанын жеткізді.
«Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бес жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарған:
- 300 мыңнан астам адам ресми түрде ақталды;
- 2,5 миллионнан астам архив құжаттарының құпия белгісі алынды;
- 72 томдық жинақ дайындалып, оның ішінде 12 томы Алаш қозғалысы қайраткерлеріне арналған;
- 700 мың қылмыстық іс арнайы зерттеу орталығына тапсырылды.
«Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ», – деді Тоқаев.
Президент бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын, жиналған материалдар қазір жүйеленіп жатқанын атап өтті. Ол Комиссия құрамындағы ғалымдар мен сарапшылардың еңбегін жоғары бағалады.
АЛЖИР – жазықсыз жандардың азап лагері
Тоқаев өз сөзінде ГУЛАГ жүйесінің Қазақстан аумағындағы салдарына да тоқталды. Оның айтуынша, елімізде кеңестік лагерь жүйесінің 11 нысаны жұмыс істеген. Соның ең қасіреттілерінің бірі – АЛЖИР (Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері).
«Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар», – деді Президент.
АЛЖИР лагері тек қазақтарға ғана емес, алпыстан астам ұлт өкіліне ортақ трагедия болған. Бұл да сталиндік репрессияның жаһандық сипатын көрсетеді.
«Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында», – деді Тоқаев.
Президент «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, боздақтардың рухына тағзым етті.