
Көлік таңдағанда дизайны мен жайлылығына ғана емес, жылдар бойы сапалы тізгінделуіне де мән береміз. Бір көлік бірнеше жылдар бойы мінсіз қызмет етіп, сыртқы тартымдылығын сақтап қалса, енді бірі небәрі үш жылда-ақ тоза бастайды. Мұндай айырмашылық неге байланысты және қандай модельдер уақыт сынына шыдайды?
Уақыт тезіне төтеп беру деген не?
Бұл – көліктің техникалық жағынан да, сыртқы көрінісі жағынан да ұзақ уақыт бойы мінсіз қалпын сақтауы. Ондай көліктер бірнеше жылдан кейін де тартымды болып көрінеді, жиі жөндеу талап етпейді және қайта сатқанда бағасы күрт төмендемейді.
Жылдар өтсе де тартымдылығын жоғалтпайтын модельдер
J.D. Power зерттеу агенттігінің мәліметінше, жапон және неміс автокөліктері техникалық жағынан ең сапалы саналады. Бұл туралы олардың жыл сайынғы Vehicle Dependability Study есебінде нақты жазылған.
Toyota Camry (XV50 және XV70 модельдері) – Қазақстанда ең жиі кездесетін седандардың бірі. Бұл көліктің бояуы оңып кетпейді, салон материалдары тозбайды, ал қозғалтқышы мен жүріс бөлігі ұзаққа шыдайды. Kolesa Group сарапшылары да Camry-дің қайталама нарықта құнын жоғалтпайтынын айтады.
Lexus RX – премиум сегменттегі кроссовер. Жоғары сапалы материалдармен әрленген салон мен сенімді жүріс бөлігі бұл модельді жылдар өтсе де өз беделінен айырмайды.
Volkswagen Passat (B7 және B8) – классикалық неміс сапасы. Корпусы коррозияға төзімді, ескірмейтін дизайны мен ішкі жайлылығы бұл көлікті ұзақ жылдар бойы тартымды етіп көрсетеді.
Honda CR-V – Қазақстанда танымал кроссовер. Қатты аяз бен шұрық-тесік жолдарға төтеп бере алатын бұл көлік сенімділік жағынан жоғары баға алады.
Kia Sportage (2016 жылдан кейінгі модельдер) – сапа мен сыртқы көрінісі жағынан оң өзгерістерге ұшыраған корейлік модель. CarVertical зерттеулері бойынша, бұл көліктің бояуы сыртқы факторларға төзімді және салоны да сапалы материалдардан жасалған.
3 жылдың ішінде «шашылып» қалатын модельдер
Кейбір көліктер небәрі 2–3 жыл ішінде сыр береді. Ол техникалық жағынан да, сыртқы көрінісі жағынан ба байқалады. Бұған арзан материалдар, әлсіз электроника себеп. Drive2 платформасының мәліметінше, қазір нарықта мұндай автолар баршылық.
Оның бірі жол талғамайтын танымал көлік Renault Duster (алғашқы буын). Дегенмен бірнеше жылдан кейін бояуы кетіп, шиқылдаған дыбыс пайда болып, шанақта тот басу байқалады. Бұл туралы басылым сауалнамасына қатысқан көптеген жүргізушілер айтқан.
Одан кейінгі орында бюджеттік Chevrolet Cobalt пен Nexia (UzAuto Motors) тұр. Олардың пластик салоны тез тозып, орындықтардың қаптамасы тез ескіреді.
Lada Vesta мен Granta – жақсартылғанымен, ішкі пластигі мен бояуы әлі де сапасыз. Drom.ru порталы таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл модельдерді 3 жыл ішінде-ақ тот басқаны көріне бастайды.
Chery Tiggo (алғашқы модельдер) – электроникасы жиі істен шығып, мультимедиа жүйесі баяулайды, бояуы оңып кетеді. Қазіргі модельдердің бұл тұсы жақсарса да, бұрынғы тәжірибе жүргізушілердің есінде.
Nissan Juke / Qashqai – дизайн жағынан ерекше болғанымен, вариаторы жиі бұзылады, ал салон мен сыртқы бояуы тез ескіреді. WhatCar зерттеуіне сәйкес, бұл модельдер ең тез тозып кететін кроссоверлер қатарына енген.
Неге бір көлік тез тозып, бірі ұзаққа шыдайды?
Бұған бірнеше фактор әсер етеді:
- Корпустың мырышпен қорғалуы және бояудың сапасы
- Салондағы материал сапасы – арзан пластик тез сынып, сықырлайды
- Қорап түрі – CVT мен робот қораптар классикалық автоматқа қарағанда жиі бұзылады
- Зауыттық коррозияға қарсы өңдеуі
- Құрастыру сапасы
Сондай-ақ Қазақстандағы күрделі климат та әсер етеді: қатты аяз, жазда шаңды жел, қыста тұздалған жол – мұның бәрі көлікті жылдам ескіртеді.
Көлікті ұзақ уақыт жаңа күйінде ұстау үшін не істеу керек?
- Антикор жасау
- Қыста жиі жуу, әсіресе, тұздан кейін
- Қорғаушы жабын немесе пленка пайдалану
- Уақтылы техникалық қызмет көрсету
- Сапалы төсеніш пен қаптама қолдану
- Түпнұсқа бөлшектер пайдалану
Кей көліктер жылдар бойы сенімділік пен тартымдылығын сақтап, иесін шығынға батырмайды. Ал енді біреулері үш жыл өтпей-ақ қымбат жөндеуді қажет етіп, ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан көлік таңдарда тек бастапқы бағасына емес, оның ұзақмерзімді сапасына, материалдарына және нақты қолдану жағдайларына мән беру маңызды.
Айта кететіні, бұған дейін әлемдегі ең жылдам көліктер туралы жазған едік.