1 маусым – Балаларды қорғау күні

Бірінші маусымда қазақстандықтар Балаларды қорғау күнін атап өтеді. Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атауды мерекемен құттықтады
– Балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ парыз. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді. Әрбір бүлдіршіннің балалық шағы бақытты, болашағы баянды болсын! – деп жазды президент Х әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында.
Бұл қандай мереке?
Балаларды қорғау күні 1949 жылы қарашада Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының конгресінің шешімімен белгіленді. Бұл күнді алғаш рет 1950 жылы атап өтті. Бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмірі, денсаулығы, білім алуы мен құқықтарын қорғау қажеттігін әлемге еске салу.
Балаларға арналған тағы бірнеше халықаралық күндер бар: 4 маусым — Агрессия құрбаны болған жазықсыз балалардың халықаралық күні, 16 маусым — Африка балаларын қорғау күні, 20 қараша — Бүкіләлемдік балалар күні. Сонымен қатар, халықаралық құқық деңгейінде балалардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі құжат — Бала құқықтары туралы конвенция болып саналады. Бұл құжатты БҰҰ 1989 жылдың 20 қарашасында қабылдады, ал КСРО оны 1990 жылдың 13 шілдесінде ратификациялады.
Қазақстанда 1 маусымда балалар мерекесіне орай дәстүрлі түрде түрлі мәдени және білім беру шаралары ұйымдастырылады. Мәселен, Алматы метросы балалар үшін тегін болады. Алматыда ұйымдастырылатын шаралар туралы мына жерден, Астанадағы шаралар туралы мына жерден оқи аласыздар.