Атырауды түтін басты: «Ақжайық» резерватынан өрт шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Төтенше жағдайлар департаменті

Атырау маңында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан өрт шықты. Қазір қалада күйік иісі сезіліп, қалың түтін байқалады деп жазады «Ақ жайық» басылымы.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Дамба ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы қамыс алқаптарының жанғанынан болған. Жалын аумағы 280 гектарға жетеді. Оның 200 гектары өздігінен сөнсе, тағы 50 гектар жердегі өртті құтқарушылар мен резерват қызметкерлері сөндірді.

Қалған 30 гектар аумақта өртті сөндіру жалғасып жатыр. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы жұмыс істейді. Түнде жалын таралмас үшін минералданған жолақтар салынған.

Өрт сөндіруге «Ақжайық» резерватынан екі трактор жұмылдырылған. Сондай-ақ, Атырау облысы ТЖД-ның 85 қызметкері мен 13 техникасы, резерваттан 25 адам, 10 техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Ведомство елді мекендерге қауіп жоқ екенін атап өтті. Алайда батпақты жер мен қамыстың қалың өскені жұмысты едәуір қиындатып отыр.

Осыған дейін Атырау облысы, Құлсары қаласында газ жарылысы болған еді. Салдарынан екі адам қайтыс болып, 14 адам жарақаттанды.

Сондай-ақ оқыңыз