Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған цифрлық медиа ашылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Qalam Balam

1 маусым күні мектеп оқушыларына арналған QalamBalam атты жаңа медиажоба өз жұмысын бастады. Бұл – 7-16 жастағы балаларға арналған цифрлық БАҚ деп жазады KursivMedia.

Жоба тарих, ғылым, мәдениет және қоғам туралы қысқа, әсерлі әрі бірден назар аудартатын видеолар ұсынады. Осының арқасында ол кәдімгі білім бағдарламасын түсінуге көмектесіп қана қоймай, мектепте берілетін мағлұматтан бөлек қызық деректермен танысуға да мүмкіндік береді.

Жасөспірімдерге арналған бұл медианы Qalam командасы жүргізіп отыр. Qalam – Қазақстан, Орталық Азия, Түркі әлемінің тарихы мен мәдениеті туралы танымал жоба.

QalamBalam оқушылар жиі пайдаланатын TikTok және YouTube желілерінде контент ұсынады. Қазақ және орыс тілдеріндегі видеоларда авторлар ғылыми дәлдікпен, әзілмен қызықтырып әкетіп, күрделі тақырыптарды жеңіл тілмен баяндап береді. Мәселен, QalamBalam контентінде қазіргі Қазақстан жерінде бір кездері өмір сүрген динозаврлар, орта ғасырлардағы балалардың өмірі, байырғы дәуірдегі ойыншықтар, сағыз тарихы, бұрынғының адамдары ойнаған доптар секілді сан түрлі тақырып бар. 

Медиа жұмысындағы басты форматтардың бірі – тарих туралы видео оқулық. Мұнда авторлар кез келген тақырыпты 5 минут ішінде талдап, тарқатып, түсіндіріп береді. Видео оқулық – мектеп бағдарламасын бейімдеп ұсыну емес, жасөспірім аудитория үшін арнайы әзірленген тарихи сторителлингтің жаңа түрі.

«Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 6,8 миллион бала бар. Оның ішінде 3 миллионнан астамы Альфа ұрпағына кіреді. Бүгінгі күні осы аудитория тез табуға болатын қызықты біліми контентке қол жеткізе алмай отыр. Біз осы жағдайды өзгерткіміз келеді. Өз міндетімізді балаларға әлемді тануға, түсінуге және сұрақ қоюдан қорықпауға көмектесу деп білеміз. Біз үйреншікті жолмен оқытпаймыз, біз оқушының қызық ақпаратты білуге деген әуестігін оятқымыз келеді» – дейді QalamBalam командасы.

Жоба аясында ғалымдардан, педагогтардан, журналистерден тұратын топ жұмыс істейді. QalamBalam аймақтағы балалар мен жасөспірімдерге арналған ең ірі білім видеокітапханасын жинап, жас зерттеушілер қауымдастығын қалыптастыруды жоспарлап отыр.

QalamBalam парақшаларына мына сілтемелер арқылы жазылуға болады: TikTok (@qalambalamqaz және @qalambalam), YouTube (@QalamBalamQaz және @QalamBalam).

Qalam – Қазақстан, Орталық Азия және Түркі әлемінің тарихы мен мәдениетіне арналған мультимедиалық жоба. Жобада халықаралық зерттеушілер командасы жұмыс істейді. Qalam-ды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз