Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокс турнирі өтті

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған 28-ші халықаралық бокс турнирі өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінен хабарлайды.

Чемпион атағы үшін Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ираннан мемлекеттерінің 218 былғары қолғап шебері бақ сынасты. Сондай-ақ турнирге Иран мен БАӘ-ден бақылаушылар да қатысты.

Біздің турниріміз даңқты қолбасшының 101 жылдығына арналды. Ол өмірін толығымен Отанға қызмет етуге арнады және қазіргі Қазақстан Қарулы күштерінің негізін қалады. Биыл біз жаңашылдық енгізіп, жарыстың мәртебесін арттырдық. Барлық чемпиондарға спорт шебері атағы берілді, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – АОСК бастығы полковник Арман Әбеуов.

Жекпе-жектердің қорытындысы бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде әзербайжан спортшысы Субхан Мамедов, 51 келі бойынша қазақстандық Бекзат Алдамжаров жеңіске жетті. Ал, 54 және 57 келіде Армия орталық спорт клубының спортшысы Қайрат Ернұр мен қазақстандық Асылжан Серікбай жеңіс тұғырынан көрінді. 60 және 63 келіде АОСК спортшысы Талғат Сырымбетов пен әзербайжандық Магсуд Хасметов чемпион атанды.

67 келіде қазақстандық Әубәкір Маханбет үздік болды. Ал, 71 және 75 келіде түрікмен спортшысы Байрамдурды Нурмұхаммедов және жерлесіміз Нұрбол Мұхаметқали үздік шықты. 80 және 86 келіде моңғол спортшысы Ақжол Әбдіхан мен қазақстандық Темірлан Мұқатаев жеңіс тұғырынан көрінді. 92 және +92 келіде түрікменстандық Бекболат Абдикерим мен тағы бір жерлесіміз Аслан Елдібайұлы чемпион болды.

Турнирдің ең үздік боксшысы атағы АОСК спортшысы Талғат Сырымбетовке берілсе, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы Бексұлтан Боранбекке табысталды.

Сондай-ақ оқыңыз