«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жабылады

2019 жылы қабылданған «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы жабылады. Бұл туралы үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
«Мұнда біз «Ауыл – ел бесігі», «Қалалардың шеткі аумақтарын дамыту» шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру және тағы да басқалар түрлі салалық бағдарламалар шеңберінде елді мекендердегі жобаларды, іс-шараларды нүктелік қаржыландырудан алшақтайтынымызды түсінуіміз керек. Осы бағдарламалар күшін жоюға қойылады», – деді Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, енді республикалық бюджеттен жалпыұлттық маңызы бар нысандар және аса маңызды инфрақұрылым жобалары қаржыландырылмақ.
«Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бірінші қажеттіліктегі объектілер – жергілікті бюджет есебінен. Жалпы, соңғы жылдары жергілікті деңгейде салықтардың жоғары жиналуы осы тәсілдерді іске асыруға, республикалық бюджеттің жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы 2019 жылы қабылданған. Ол ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған еді. Бағдарлама аясында жол салынып, су жүргізіліп, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілерін қайта жаңарту және жаңа нысандарды салу көзделген.
Бұған дейін Жұмағарин донор аймақтардың өзі орталықтан қаржылай көмек алады деп мәлімдеген.