«Жұмысыма зияны тиіп жатыр»: Дархан Әскентайдың әпкесі сотта не айтты

Шерзат Полаттың қазасына байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында сотталушы Дархан Әскентайдың әпкесі тергеуге көңілі толмайтынын айтты.
«…Қолында тас, пышақ, қару, бөтелке бар деді. Бұл да шындыққа жанаспайды. Видеоға назар аударсаңыздар іс-әрекеті анық көрініп тұр. Ініме қарсы жәбірленуші тарап айтқан бірде-бір сөз шындыққа жанаспайды. Сотталушылардың ішінде тек Нұрбол Тоқтаубаевты таниды. Өлгеннің артынан жаман айтпа деуші еді, бірақ бұл жерде үлкен сұрақ туындап тұр. Нұрқанат Ғайыпбаевтың халықтың алдына шығып «мылтықты мені көздеп атты» деген сөзінен қандай адам екені көрініп тұр. Егер сатушы болып істей алмаса, тұрмауы керек еді. Сатып алуға не үшін қызмет көрсете алмады? Сотта жалған сөйлемеймін деп айтты. Қаржаубай Нұрымов, Гүлбара Бишембиева, Жұмабике Қадыроваға жалған мәлімет бергені үшін тиісті жаза беруіңізді сұраймын», – деді Дархан Әскентайдың әпкесі.
Әйел інісі Дархан Әскентайды ақтауды сұрап отыр.
«Үш жәбірленуші үш түрлі сөйледі. Ол кісілерді қайта шақырып, осыны анықтауға болатын еді. Ініме қатысты бірі қару ұстады, бірі таспен ұрды, пышақ, бөтелкемен берді деп отыр. Халықтың алдында бізді қандай дәрежеге жеткізіп отыр? Әскентайға тағылған айыпқа келіспеймін. Оны ақтауыңызды сұраймын», – деді сотталушының әпкесі.
Әйел «әлеуметтік желідегі пікірлер өзіме, жұмысыма зиянын тигізіп жатыр» деп айтты. Судья Ержан Жанұзақов мұндай жағдайда бөлек арыздануға болатынын жеткізді.
«Халықтан артық сөйлемеуін сұраймын, мен інімді қорғауға келіп отырмын», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор Дархан Әскентайды қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.