Адвокат Шерзат ісіндегі мектеп оқушысы Думан Ысқақты ақтауды сұрап отыр

Талдықорған сотында жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. 2025 жылдың 2 маусымында сотталушылардың адвокаттары іс бойынша ой-пікірін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Олардың қатарында кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтың авдокаты Жалқын Қабылов та бар.
«Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2024 жылдың 7 қазанында тергеп-тексеру органдары Ысқақтан жауап алғаннан кейін, оны босатып жіберген. Әрекеттерінде ешқандай қылмыс құрамы жоқ болғандықтан. Кейіннен жәбірленушілердің үйі өртеніп, әлеуметтік желіде шу болып, «қылмысқа қатысқан 13 адам» деген әңгіме шыққан соң, 2024 жылдың 10 қазанында тергеп-тексеру органдары қайта жауап алып, қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша күдікті деп танып, Думанды қамауға алған. Сол уақыттан бері кәмелетке толмаған 11-сынып оқушысы қамауда отыр. 13 қазанда адвокаттары, заңды өкілінің қатысуымен Ысқақ өзінің жауабында болған жағдайды толық айтып берген. Сот тергеуінде де өзінің берген жауабын өзгертпеді. Бар шындығын айтып көрсетіп отыр. Алдын ала тергеу кезінде жәбірленушілермен өткізілген беттестіру кезінде жәбірленушілер «бұл бала төбелесте болған жоқ, оқиғаны көрмеген, ол автокөлікте отырған» деп көрсетті», – деді сотталушының адвокаты Жалқын Қабылов.
Айтуынша, Думан Ысқақ Шерзат Полаттың қайтыс болғанын, оған қатысты бар адамдардың ұсталғанын әлеуметтік желілер арқылы білген.
«Нақты ақпаратты 2024 жылдың 4 қазанында мектепте сағат 11-12 шамасында бір-ақ білген. (…) Думан Ысқақтың іс-әрекеттерінде қылмыстық кодекстің 434-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілері жоқ екені сотта да анықталып отыр. Сізден Думан Ысқақты ақтауыңызды сұраймын», – дейді адвокат.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Думан Ысқақты (2007 жылы туған) қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру) кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.