
Дженнифер Лопестің Алматыда өтетін концертіне қосымша орындарға билет сатылымға шықты. Іс-шараны ұйымдастырушы First Media Group және CA Entertainment компанияларының хабарлауынша, билеттер әлі де сатылып жатыр. Қазір би алаңындағы соңғы билеттер мен трибунадағы орын билеттері қалған.
«Ұйымдастырушылар стадион сызбасы бойынша келіссөздер аяқталғанын және бастапқы сатылымда қолжетімсіз болған қосымша орындардың ашылғанын хабарлады. Бұл көрермендер үшін таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, шоуды тамашалау сапасы мен жайлылық деңгейін төмендетпей, қосымша билеттер ұсынуға мүмкіндік берді», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бастапқыда Дженнифер Лопестің Up All Night Tour атты әлемдік турнесі 3 тамыз Ереванда аяқталады деп жоспарланған болатын. Алайда қазақстандық жанкүйерлерінің әлеуметтік желілердегі қолдауынан кейін, Дженнифер Лопестің командасы турды ұзартуға және тур кестесіне Қазақстанда қосымша күн енгізу шешімін қабылдады.
Осылайша Дженнифер Лопестің концерті 1 тамыз – Астанада; 10 тамыз – Алматыда өтеді.
Алматыдағы концерт өтетін күн: 2025 жылдың 10 тамызы
Өтетін орны: Алматы қаласы, Орталық стадион
Билеттерді www.ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес ән шырқайтын сахнаның дәл алдында орналасқан VIP-аймақтағы орындар 180 мың теңге тұрады. Сахнаға жақын орындарға билет арзанырақ – 160 мың теңге.
120 мың теңгеге Fan zone мен сахнаның екі жағындағы орындарды таңдауға болады. Dance floor секторына билет 90 мың теңге тұрады. Сахнадан алыс орналасқан секторлардағы орындар құны 40 мың мен 80 мың теңге аралығында сатылады.