Шерзат ісі: Белғожаевтың адвокаты сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады

Талдықорған сотында Шерзат Полаттың ісі бойынша сот жарыссөзі өтіп жатыр. 2025 жылдың 2 маусымында түске дейін мемлекеттік айыптаушылар, жәбірленуші тарап өкілдері іс бойынша ұстанымдарын айтты. Түстен кейінгі сот отырысында сотталушылардың адвокаттары сөйлеп жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.
Жарыссөз барысында Шыңғыс Белғожаевтың адвокаты оны бас бостандығынан айырмауды, тағылған айыпты қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігінен (бұзақылық) осы баптың басқа бөлігіне саралап, соған сәйкес балама жаза тағайындауды сұрады.
«Шыңғыс Белғожаев бұрын сотталған, соттылығы өтелген. Тұрақты тұрғылықты жері бар. Білім – жоғары, спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істейтінін ескере отырып, жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған әрекетіне өкінетінін ескеріп, соттан Шыңғыс Белғожаевты қоғамнан оқшауламай, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймын», – деді сотталушының адвокаты.