Прокурор Шерзат ісіндегі басты сотталушыны 23 жылға соттауды сұрады

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 2025 жылдың 2 маусымында сот жарыссөзі басталды. Соның барысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай қылмыстық істегі басты сотталушы Абзал Шынасылды 23 жылға соттауды сұрады.
«Абзал Шынасыл бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға қарсы күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, пышақты қолдану арқылы, сол сияқты барынша арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз әрекет жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзушылық іс-әрекеттерін жасаған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық) көрсетілген қылмысты жасаған.
Сонымен қатар адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату, аса қатыгездікпен бұзақылық ниетпен көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағында көрсетілген қылмысты жасаған. Сонымен қатар адам өлтіруге оқталу, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға оқталу, екі немесе одан да көп адамды бұзақылық ниетпен адамдар тобы болып жасаған. Яғни, қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында көрсетілген қылмысты жасаған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істегі қалған 8 сотталушы 1,5 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге соттауды сұрап отыр.