Шерзат ісінде тараптардың жарыссөзі басталды – видео

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісінде тараптардың жарыссөзі басталды/фото: kursiv.media

Шерзат Полат ісінде тараптардың жарыссөзі басталды. Қылмыстық іс Талдықорған сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.

2025 жылдың 2 маусымында сот тергеуі аяқталды. Судья Ержан Жанұзақов жарыссөзді бастау туралы қаулы шығарды.

Бірінші болып мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сөйлеп жатыр. Ол оқиғаның қалай болғанына тоқталып өтті.

Абзал Шынасылдан 7 рет жауап алынды

Прокурордың айтуынша, басты сотталушы Абзал Шынасылдан 7 рет жауап алынған.

Прокурор Сәрсенбай сотталушы Шынасылдың жауабына сілтеме жасады: «…Осы кезде маған қарама-қарсы тұрған Шерзат мені ұру мақсатында маған қарай жұдырық ала секірді. Сол кезде артқа бір қадам жасап, қорғану мақсатында Шерзаттың сол жақ тұсынан оң қолымда ұстап тұрған пышақпен сілтеп, бір рет соққы жасадым» деген».

Осылайша Абзал Шынасыл аса қатыгездікпен Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталып отыр.

Мемлекеттік айыптаушы Шерзат Полат қайтыс болған кезде оқиға орнында болған әйел Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің сот алдында жалған жауап бергені және маңызды ақпаратты жасырғаны бойынша тексеру жүргізу үшін жеке қаулы шығару қажет екенін айтты.

Жарыссөз деген не?

Заңға сәйкес, сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушының және қорғаушының сөздерiнен тұрады. Процеске қатысушылардың сөз сөйлеу ретiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайда да бiрiншi болып айыптаушы сөз сөйлейді. 

Сотталушыларға қандай айып тағылған

Шерзат Полат ісі бойынша 9 сотталушы бар. Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталған.

Равиль Сакиев ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);

Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);

Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру). 

Сондай-ақ оқыңыз