Ломбардқа өткізген алтын несие тарихын бұза ма

TikTok желісінде ломбартқа өткізілген алтын несие тарихында 10 жыл бойы қарыз ретінде тұратыны айтылған видео тарап жатыр. Ондағы ақпарат қаншалықты шындыққа сай екенін тексеріп көрейік.
Қарызды уақытылы төлеу маңызды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, ломбардтан алған қарыз несие немесе ипотека алуға кедергі емес. Алайда оның мақұлдануына әсер етеді. Өйткені ломбард алдындағы қарыз жалпы қарыздық жүктемені қарастырған кезде есепке алынады.
Егер қарыз алушы өзінің төлем қабілеттін дәлелдей алса, ағымдағы қарызын өтесе әрі қажетті құжаттарды ұсынса, ипотекалық немесе басқа несиені мақұлдау ықтималдығы айтарлықтай артады. Осылайша, ломбард алдындағы қарыз несие алуға кедергі болмайды. Ал өтініш берушінің өтелмеген немесе мерзімі өткен берешегінің болуы несиені мақұлдау ықтималдығын азайтады.
Өткізілген алтындар
Кей адамдар ломбардқа өткізген бағалы бұйымын, айталық, алтынын қайтып алмайды. Мұндайда ломбард қарыз орнына қабылдап алған алтынды кемiнде 30 күн сақтайды. Осы уақыт өткеннен кейін аталған бұйымды сатуға құқылы. Кепiлге алынған алтынды сатқаннан кейін, ломбардтағы затты кепiлге беру туралы шарт бұзылады, бұл ретте қарыз алушының мiндеттемелерi жойылады.
Кепіл затты сату актісі, оны ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім мен қарызды өтеу туралы анықтама сияқты құжаттар қарыздың тоқтатылғанын растайды.
Демек, ломбард өткізілген алтынды өз меншігі деп танығаннан кейін, оны өткізу кезінде жасалған шарттың күші мен ондағы міндеттемелер жойылады.
Несие тарихының бұзылғанымен келіспеген жағдайда…
Егер ломбардқа алтын өткізерде алынған ақша несие тарихында қарыз ретінде көрсетілсе, қарыз алушы оны даулай алады.
Ол үшін несие берушіге немесе кредиттік бюроға өтініш түсіру керек.
Өтініште:
- жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты,;
- тұрғылықты жері;
- жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері;
- кредитордың аты-жөні, өтініш берушінің немесе оның уәкілетті өкілінің қолы қойылуы тиіс.
- өтінішке өтініш беруші берешекті өтегенін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуі керек.
Өтінішті қарау мерзімі кредиттік бюроға келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнін құрайды.
Кредиттiк есепте мәлiметтердiң бұрмалануы расталған жағдайда, кредитор дерек анықталған күннен бастап 10 жұмыс күнi iшiнде кредиттiк бюроға дұрыс мәлiметтердi беруге тиіс. Өз кезегінде несиелік бюро өтініш берушіге түзетілген несиелік есепті ұсынуға міндетті.
Бұған дейін, микрокредит ұйымы жабылып қалса, алған қарызды төлемесе бола ма деген ждиі қойылатын сұраққа жауап бергенбіз.