Қытаймен байланысы бар компаниялар Қазақстандағы мұнай кен орындарын иеленді

Қазақстанда электрондық аукцион нәтижесінде төрт мұнай-газ учаскесі өз иелерін тапты. Бұл туралы Энергетика министрлігі ресми хабарлады. Аукцион нәтижесінде учаскелердің тең жартысы қытайлық заңды және жеке тұлғалармен байланысы бар компанияларға берілген.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, аукцион нәтижесінде жер қойнауын пайдалануға құқық мына төрт компанияға берілді:
Бірінші – Қызылорда және Түркістан облыстарында орналасқан Сарысу учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру құқығын «EARTH OIL & GAS» ЖШС иеленді. Бұл компания 2024 жылдың шілде айында Алматы қаласында тіркелген. Негізгі қызмет түрі ретінде геологиялық барлау және іздестіру көрсетілген.
Компанияның құрылтайшылары – Hong Kong Bai Li Oil & Gas Limited және жеке тұлға Рамиль Кимуров. Рамиль Кимуров бұған дейін геологиялық барлау саласындағы Priority Oil&Gas компаниясының жалғыз иесі болған.
Кейінірек бұл компанияның 99,993% акциясы Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. компаниясына тиесілі «Матен Петролеум» компаниясы арқылы қытайлық инвесторлардың қолына өтті. Осылайша, EARTH OIL & GAS та Қытаймен тығыз байланысы бар құрылым ретінде қарастырылып отыр.
Екінші – Жамбыл облысындағы Көкой учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру құқығы «Taraz Petroleum» ЖШС компаниясына берілді. Аталған компания 2023 жылдың қараша айында Түркістан облысында тіркелген. Негізгі қызметі ретінде шикі мұнай мен ілеспе газды өндіру көрсетілген. Компанияның құрылтайшылары – Серік Мырзабеков пен Саттар Муталханов.
Үшінші – Маңғыстау облысындағы Үстірт-2 учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру құқығын Kazakhstan Dinghua Energy Co., Ltd. атты жекеменшік компания жеңіп алды. Бұл компания 2024 жылдың тамыз айында Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
Қызмет түрлерінің арасында шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру, метаннан басқа табиғи газ өндіру, сондай-ақ бағалы металдар мен сирек кездесетін металл кендерін өндіру бар. Компанияның негізін қалаушы және жалғыз иесі – Ли Цзе есімді азамат. Бұл компания да құрылтайшысы арқылы Қытаймен тікелей байланысты.
Төртінші – Жетісу және Алматы облысында орналасқан Жаркент учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру құқығы «Almaty Oil Ventures» ЖШС компаниясына берілді. Аталған компания 2023 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында тіркелген. Негізгі қызмет түрі – шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру.
Компанияның құрылтайшылары қатарында Tengri Partners (Kazakhstan), Бекжан Сафинов және Данияр Каулдашев бар. Tengri Partners (Kazakhstan) компаниясы өз кезегінде Нидерландта тіркелген Tengri Partners International B.V. компаниясына тиесілі, бұл да шетелдік қатысу бар екенін көрсетеді.
Энергетика министрлігі бұл электронды аукционды 2024 жылдың 28 ақпанында жариялаған болатын. Алайда, аукционға шығарылған тоғыз учаскенің тек төртеуі бойынша ғана сауда табысты аяқталды.
Қалған бес учаске бойынша аукцион өткізілмеген деп танылды. Атап айтқанда, Атырау облысындағы Айыртау – II (Шығыс) учаскесі (№405361), Маңғыстау облысындағы Төбешік (Қарақұм) учаскесі, Батыс Қазақстан облысындағы Оңтүстік-Гремен және Дарьинское учаскелері, сондай-ақ Ақтөбе облысындағы Қаратусай учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға мүдделі қатысушылардың болмауына байланысты сауда өтпей қалған.