Өңдеу өнеркәсібінде жаңа тапсырыстар артқанымен, өндіріс қарқыны төмендеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Өңдеу өнеркәсібі индексі өзгермеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың мамыр айында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің іскерлік белсенділік индексі (PMI) 51,3 пунктті құрады. Көрсеткіш сәуірдегі 51,2 мәнімен шамалас. Бұл туралы Freedom Holding Corp. мен S&P Global бірлесе әзірленген сауалнама нәтижесінде белгілі болды.

Бұл көрсеткіш сектордағы іскерлік ахуалдың 15 ай қатарынан біртіндеп жақсарып келе жатқанын білдіреді. Алайда өсім сапасы мен қарқыны туралы мәліметтер жақын арада бұл оң динамиканың тежелуі мүмкін екенін аңғартады.

Сауалнамаға қатысқан 250-ге жуық кәсіпорынның басым бөлігі жаңа тапсырыстар санының тұрақты өсімін атап өтті. Бұл – сұраныстың артуына және жаңа клиенттер тартудағы жетістіктерге байланысты. Жаңа келісімшарттар өңдеу өнеркәсібінің тынысын ашқанымен, өндіріс көлемінің өсу қарқыны бұрынғыдай жоғары емес.

Мамырда өндіріс тек мардымсыз өскен. Бұл – соңғы 15 ай ішіндегі ең баяу динамика. Кәсіпорындар сұраныстың артқанына қарамастан, шикізат үшін төлем жасау қиындықтары және инфляциялық қысым өндірісті тежеуде деп мәлімдеді.

Өндіріс неге баяулаған?

Өндіріс қарқынының бәсеңдеуімен қатар, жұмыспен қамту мен сатып алу белсенділігі де төмендеген. Кейбір компаниялар тапсырыстың өсуіне байланысты жаңа жұмысшылар алғанымен, жалпы еңбек нарығында өсу қарқыны шектелді.

Сонымен қатар жеткізу тізбегінде де қиындықтар туындады. Сәуірде қысқарған жеткізу уақыты мамырда қайта ұзарды. Бұл жағдай тапсырыстарды уақытында орындауға кері әсер етіп отыр.

Өндірістік шығындардың күрт артуы мамыр айындағы басты түйткілге айналды. Кәсіпорындар бұған ұлттық валюта — теңгенің рубльге шаққандағы әлсіреуі және металл мен басқа да шикізат бағасының өсуі себеп болды деп отыр.

Сонымен қатар дайын өнім бағасы тек өте баяу қарқынмен өскен. Бәсекелестік қысым компаниялардың тұтынушыға бағаны көбірек жүктеуіне мүмкіндік бермей отыр.

Сәуір айында күрт төмендеген іскерлік сенім мамырда біршама қалпына келген. Респонденттердің жартысынан астамы келесі 12 айда өндіріс көлемі өседі деп сенеді. Бұл үміттер негізінен жаңа тапсырыстар көлемінің артуы, өндіріс желілерін жаңарту және шикізатқа қолжетімділік сияқты факторлармен байланысты.

Freedom Finance Global-дың Қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов жағдайды былай сипаттайды:

«Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі тұрақты, алайда осал өсім кезеңінде. Жаңа тапсырыстар өсіп жатқанымен, өндірістік мүмкіндіктер мен сұраныс арасындағы теңсіздік күшейіп келеді. Инфляция, логистика мен валюта бағамы – негізгі кедергілер. Бірақ бұл да – трансформацияға мүмкіндік. Жеткізу тізбегін оңтайландыру мен тиімділікке бағытталған инвестициялар бұл секторға серпін бере алады».

Биыл алғашқы тоқсанда Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп саласы айтарлықтай өсім байқатқан.

Сондай-ақ оқыңыз