Отбасы банк ипотеканы төлеу тәртібіне өзгеріс енгізеді

2025 жылдың 2 шілдесінен «Отбасы банк» АҚ алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын мерзімінен бұрын толық өтеу тәртібіне өзгеріс енгізеді. Бұған дейін бұл ережелер 2 маусымда күшіне енуі тиіс болған, бірақ банк клиенттерге бейімделуге қосымша уақыт беру үшін енгізу мерзімін бір айға шегерді.
Негізгі өзгерістер не туралы?
- Жинақ автоматты түрде қарызды жабуға кетеді.
Егер клиент алдын ала немесе аралық заемды толық мерзімінен бұрын өтейтін болса, оған байланған депозиттегі барлық жинақ сомасы автоматты түрде қарыздың негізгі сомасын өтеуге жұмсалады. - Депозит шарты бұзылады.
Қарыз толық жабылған соң, тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт міндетті түрде тоқтатылады. - Жаңа заем алу үшін жаңа депозит қажет.
Кейінгі кезеңде жаңа тұрғын үй заемын алу үшін клиент жаңа депозит ашуы керек немесе бұрынғы қарызға қатысы жоқ депозитін пайдалана алады.
Неге мұндай өзгеріс енгізіліп жатыр?
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қадам тұрғын үй құрылыс жинақтары (ТҚЖ) жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында қолға алынған. ТҚЖ жүйесі өзара қолдау қағидатымен жұмыс істейді: кейбір салымшылар қаражат жинап жатқанда, басқалары осы жинақтар есебінен жеңілдетілген мөлшерлемемен (жылдық 3,5%-дан 8,5%-ға дейін) несие ала алады.
Бұл өзгерістің мәні неде?
Бұрын алдын ала немесе аралық заем алған клиенттер, негізінен, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатын жүзеге асырып үлгерді. 2025 жылдың 2 шілдесінен бастап, егер олар қарызын толық мерзімінен бұрын өтейтін болса, онда депозиттегі жинақ сол қарызды жабуға бағытталады және бұл депозит жабылады.