«Шегіртке же деген жоқпын»: Жұманғаринге журналистердің сұрағы ұнамай қалды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Жұманғаринге неге шегіртке туралы сұрақ ұнамай қалды / Фото: primeminister.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шегіртке мәселесіне қатысты пікір білдірді. Сауда министрі қызметінде жүргенде ол бұл жәндікті «халал өнім» деп атаған еді. Журналистер шегірткенің қаптап кеткенін айта келе, «оны жеу керек пе?» деп сұрады.

«Мен шегіртке халал десем де оны жеу керек деген жоқпын. Бұны қайдан шығарып отырсыздар?» – деді министр.

Жұманғарин шегіртке экожүйенің бір бөлігі екенін айтты. Сондықтан оны мүлде жоюға болмайды.

«Айналамызда түрлі жәндіктер, көбелектер, құстар бар. Енді соның бәрін жоямыз ба?Шегіртке мамонттармен замандас болуы да мүмкін», – деді ол.

Министрдің айтуынша, шегірткенің белсенді кезеңі 12 жылда бір келеді. Қазір осы циклдің соңғы жылы. Келесі жылы белсенділік азаяды.

Қай өңірлерді шегіртке басты?

Түркістан және Қызылорда облыстарында шегірткемен күрес аяқталуға жақын. Егістікке қауіп жоқ. Қазір Ақтөбе мен Қостанай облыстарының шекарасына және Ресеймен шекараға назар аударылып отыр.

Шегірткеге қарсы күреске республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінген. Жұманғарин саранчаны қанаттанбай тұрып улау керек екенін айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы шегіртке 2,1 млн гектар аумаққа таралуы мүмкін. Қазіргі уақытта 14 өңірде 596,3 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілген.

Сондай-ақ оқыңыз