Донор аймақтардың өзі орталықтан қаржылай көмек алады – Жұманғарин

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жұманғарин
Жұманғарин донор аймақтарға да қаржы бөлінетінін айтты / Фото: shutterstock

Елдегі 20 өңірдің 17-сі орталықтан бөлінетін қаржыға тәуелді. Яғни жергілкті бюджетке қажет қаржының бір бөлігін республикалық қазынада бөлінетін трансферт есебінен жабады. Бұл дегеніміз – өңір кірістердің шамамен 49%-ы республикалық бюджеттен түсіп отыр деген сөз. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, шартты түрде донор деп саналатын Алматы мен Астана қаласы және Атырау облысы да іс жүзінде қосымша қаржылау көмек алады.

«Мегаполис қалаларда, облыстарда ірі жобалардың көпшілігі орталықтан жүзеге асырылады. Бұл – метрополитен құрылысы, Астана қаласының жаңа көлік жүйесі – LRT, жайлы мектептер, көліктік және өзге де инфрақұрылымды дамыту жобалары», – деді Жұманғарин.

Бұл ретте депутат Бақытжан Базарбек жыл өткен сайын өңірлердің орталық бюджетке тәуелділігі артып барады деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Жетісу мен Түркістан облысының республикалық бюджеттен алатын қаржысы 70%-дан асып кеткен. Яғни бұл облыстар өз-өзін асырай алмай отыр. Ал Маңғыстау облысы 2023 жылы «донор» облыстан, көмек алатын аймаққа айналған. Осы ретте депутат өңірлер бюджетке масыл болып отыр дей келе, дотацияда отырған аймақтар қалай өзін-өзі қатамасыз етеді деп сұрады.

«Өңірдерді дамыта алмай отырған әкімдер неге жауапкерлікке тартылмайды?», – деді депутат.

Жұманғариннің айтуынша, бұл теңсіздікті азайту мақсатында, 2026 жылдан күшіне енетін «Бюджет кодексі» жергілікті бюджеттердің кірісін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, жыл сайын 100 млрд теңгеден астам қосымша кіріс көздері берілмек.

Сонымен қатар «Арнайы түсімдер» атты жаңа кіріс санаты енгізіліп, тұрақты кірістердің 40 пайызы жергілікті бюджеттердің еншісінде қалады деп жоспарланған.

Бұған қоса, аудандық деңгейдегі бюджеттерге корпоративтік және жеке табыс салығы толығымен беріледі, бұл өңірлердің қаржылай дербестігін айтарлықтай күшейтпек.

Жаңа жүйе өңірлік теңсіздікті жоюға бағытталған «Өңірді дамыту жоспары» негізінде жүзеге асады. Бұл құжат арқылы әр өңірдің нақты қажеттіліктері ескеріле отырып, инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлінеді. Басты мақсат – базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етудегі алшақтықтарды азайту.

Тиімсіз шығын қысқарады

Сонымен қатар Үкімет жергілікті бюджеттердің тиімсіз шығыстарын қайта қарауға кіріседі. Бұл шолуға ауыл шаруашылығын субсидиялау, имидждік іс-шаралар, жөндеу жұмыстары сынды 3 трлн теңгеден астам шығын жатады. Мемлекеттік қолдаудың өзі енді біртіндеп нарықтық және бюджеттен тыс тетіктерге ауыстырылмақ.

Бюджетті басқарудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін бақылау тетіктері де күшейтіледі. Енді Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджеттердің орындалуына тікелей аудит жүргізетін болады. Сонымен қатар, жаңа Бюджет кодексінде мониторинг, есептілік және жауапкершілікке қатысты нақты нормалар енгізілмек.

Осының нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігі артып, жергілікті бюджеттер дербес әрі жауапты сипатқа ие болмақ 2026 жылы даму бюджетінің үлесі 15%-ға, ал 2028 жылы 25%-ға дейін ұлғаяды деп күтіледі.

Экономикаға құйылған 4,4 трлн теңге инвестицияның бестен бір бөлігі – бюджет қаражаты.

Сондай-ақ оқыңыз