«Оған жын кірді деп ойладық». Ақнәрдің құрбысы қаралы түн туралы өз нұсқасын айтты

Ақнәр Гүлістанның қазасына байланысты қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған Рано есімді қыз желіде 2024 жылғы 20 шілдеде болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялады.
Оның айтуынша, қайғылы жағдай орын алған күні пәтерде болған өзі, марқұм Ақнәр және үшінші қыз – Дидар бәрі құрбы ретінде жақын араласқан. Бірге КИМЭП университетінде оқыған. Сол түні қыздар сыра, шампань, корейлік алкогольдік сусын – Соджуға тапсырыс береді. Рано алкоголь алуға Ақнәр бастама танытқанын айтып, «Ақнәрдің жазғаны» делінген хабарламаны көрсетті.
Үш құрбы көңілді отырады, әндетеді, билейді. Раноның сөзінше, бір мезетте ұйықтап қалған Ақнәр кенет оянып, шыңғыра бастаған.
«Екі қолы екі жақта, екі көзі қып-қызыл болып шыңғырып бастайды. Мен жүгіріп барып не болғанын сұрағанымда мені шапалақпен ұрып құлатты. Артынша оған барған Дидарды да ұрады. Біз оны тыныштандыруға тырысамыз. Бір кезде маған «сенің анаң тозақта» деген сөз айтады. Әкемді, сіңлімді, бүкіл отбасымды қаралап бастайды. Мен тек «қате, қате» деп, басқа боғауыз сөз айтпадым. Тек қолыммен аузын жауып отырдым. Бір кезде Ақнәр сүре оқып бастайды, біз мынаған жын кірген бе деп түсінбей қалдық», – дейді ол.
«Мұнан соң Ақнәр біраз тынышталды» деген Рано бір мезетте қайтадан өзін ұрып бастағанын, тістегенін, өзі тек қорғанғанын, құрбысына соққы жасамағанын жеткізді.
«Дидар туалетке қашып, ағасына Ақнәр қасымыздағы қызды өлтіріп жатыр деп аудио жібереді», – дейді ол.
Раноның сөзінше, Дидар «өлтіріп жатыр» деп Ақнәрдің әрекетін сипаттағанын.
Мұнан соң жанжал ас үйде жалғасқан.
«Мені тістеп, ұрып жатқанда Ақнәрге шамам жетпеді. Соны түсініп ұрмауын жалынып сұрай бастадым. Бір кезде жібергенін пайдаланып, екінші дәретханаға кіріп, тығылып қалдым», – дейді ол.
Раноның сөзінше, мұнан соң дәретханаға Дидар келіп, екеуі Ақнәрді іздей бастайды. Оны таппай жүргенде полиция қызметкерлері келіп, пәтер терезесінен бір қыз секіріп кеткенін айтқан.
«Оның секіріп кеткеніне сене алмадым. Полицей ол секіріп кеткенін айтқанда мен қатты жыладым. Содан кейін полицейлер не істедіңдер деп сұрап бастады. Біз қысқаша «қыз қуып бастады» деп айттық. Біз ойлаймыз, оған жын кірді деп. Бізге солай көрінді», – дейді Рано.
Куә сол сол түні спирттік сусын тұтынғанын жасырмайды, алайда сараптама тек бір қыз – Дидардан ғана алкоголь көрсеткен. Ал «есірткі затын мүлде қолданбадық, өмірімде қолданып көрмедім» деп отыр.
Рано сондай-ақ Ақнәрде қалыптан тыс әрекет оқу орнының жатақханасында да болғанын, ол баспалдақтан секіруге тырысып, оны бес бала ұстап қалғанын, оны жатақхана басшысы растай алатынын жеткізді.
Ал Ақнәр құлаған сәтте оның артында бұлтырлап көрінетін қара нәрсе өзі емес, терезенің жақтауы болуы мүмкін екенін, сол түні өзінің киімі ақ, шашы сары түсті болғанын атап өтті.
Ақнәр ісі
Жуырда Гүлістан Қамит есімді келіншек қызы Ақнәр 2024 жылғы 20 шілдеде терезеден құлағаннан кейін қаза тапқанын, оны сол сәтте жанында болған құрбыларынан көретінін мәлім еткен. Бойжеткеннің өлімі бойынша қозғалған іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша ашылған. Марқұмның анасы мұнымен келіспейді, қызы өзіне қол салуы мүмкін емес деп санайды. Қоғамдық резонанс тудырған Гүлстан Хамит президентке дейін үндеу жолдаған.
Осыдан кейін, Алматы қаласының Полиция департаменті аталған істі ерекше бақылауға алғанын хабарлады.
Ұзамай істе қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде танылған екі қыздың бірі Дидар Мұқият «маған негізсіз жала жауып отыр» деп заңды өкілі Жандос Палманов арқылы қайғылы жағдайға қатысты өз нұсқасын жеткізді. Сол кезде заңгер «Ақнәр өзіне қол салуға бейім болған» деп мәлімдеп, пәтерде түсірілген видеоны көрсеткен. Видеодағы жағдайды тараптар түрліше тәпсірлейді. Заңгер видеодағы жігітті Дидардың ағасы деп сипаттап, оның әрекетін «мас күйде болған Ақнәрді сабырға шақырып, тыныштандырмақ болды. Ал Дидар құрбысына сенбегендіктен оны видеоға түсірген» деп түсіндірген.
Ал Ақнәрдің анасы мен оның заңгері сол кезде Ақнәрді пәтерге алдап апарған, әурет жерлерін ұстаған, үйіне жібермей, еркінен айырған, жеке заттарын алып қойған деп айтып, қылмыстық іске жаңа 4 бап қосу туралы тергеу органдарына өтініш-хат түсіретінін мәлімдеген.