
Үндістанның Хайдарабад қаласында өткен «Әлем аруы – 2025» халықаралық сұлулық байқауында таиландтық ару — Опал Сучата Чуангсри жеңіске жетті. Бұл туралы байқау ұйымдастырушылары хабарлады.
Опал — байқау тарихындағы 72-ші «Miss World» атанған жеңімпаз. Оған символикалық тәжді өткен жылғы жеңімпаз, чехиялық Кристина Пышкова табыстады.
Опал Сучата Чуангсри 2003 жылдың 20 қыркүйегінде Пхукет қаласында дүниеге келген. Триам Удом Сукса мектебінде қытай тілін меңгеріп, қазір Таммасат университетінде білім алып жүр. 16 жасында сүт безіндегі қатерсіз ісікті алып тастау үшін ота жасатқаннан кейін, ол «Opal For Her» атты жобаны іске қосып, әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігіне қатысты ақпараттандыру науқанын бастаған.
Қазақстанның атынан кім қатысты?
Биылғы байқауға 108 елден келген ару қатысты. Еліміздің атынан бұл жолы «Қазақстан аруы – 2023» иегері Сабина Идрисова өнер көрсетті. Сабина кәсіби балерина және модель, Александр Селезнев атындағы хореография училищесін тәмамдап, «Астана Балет» театрының сахнасында өнер көрсеткен.
Алайда Сабина байқаудың финалына өте алмай, үздік 40 қатысушының қатарына енбеді. Соған қарамастан, қазақ қызы бұл байқауға қатысуды өзінің үлкен жетістігі санайды.
«Miss World – мені өсірген, шабыттандырған, жаңа достар сыйлаған керемет саяхат болды. Әр күн ерекше өтті – репетициялар, сұхбаттар, достық пен бірлік, күлкі мен көз жасы… Мұның бәрі ұмытылмас тәжірибе болды. Бұл жолда қолдау көрсеткен отбасым мен достарыма, жанкүйерлеріме үлкен алғыс айтамын. Бұл тек бастамасы ғана», — деп жазды Сабина.
Сабина Идрисова жүлделі орынға ілікпесе де, әлемдік деңгейдегі байқауға қатысу арқылы Қазақстан аруларының сұлулығы мен талантына назар аудартты.