
31 мамыр – Қазақстан халқы үшін қаралы әрі қасиетті күн. Бұл күн – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Биыл осы атаулы күнге орай бірқатар белгілі қазақстандық әншілер арнайы бейнебаяндар ұсынып, ел тарихындағы ең ауыр кезеңдерге өнер тілімен үн қосты.
Kursiv LifeStyle назарларыңызға сол туындыларды ұсынады.
Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев – «Есімде»
Әні: Әли Оқапов | Сөзі: Әли Сражадин
Әр ұрпақтың үнін біріктірген ерекше жоба. Әнде өткеннің ащы сабақтары, тағдырдың соқпағы мен бейбіт өмірдің құндылығы туралы тебіреніс бар.
Жанар Дұғалова – «Есімдер»
Ұмыт болған, тарихта аты жазылмай қалған жандарға арналған жүрекжарды ән.
Jeltoksan – «Көзімді ашам»
Ашаршылық, қуғын-сүргін және желтоқсан оқиғасын тоғыстырған композиция. Ән мен бейнеклип қазіргі жастың санасында өткеннің елесін оятуға бағытталған. Бейнебаянның режиссері Қуаныш Бейсек тарихи және қазіргі заман көріністерін ерекше стильді алма-кезек көрсетеді.
Тамара Асар – «Есіңде ғой»
Тамара Асардың «Есіңде ғой…» деген нәзік үнмен басталатын әнде ел басынан өткен қиын жылдар көрініс табады. Бейнебаянда зұлмат жылдарындағы ауыл өмірі мен қиындықтар көрсетілген.
Бүгінде елімізде халық саны 20 млн асты. Біз сонау ашаршылық құрбандарының 20 млн астам үмітіндей болған шырағымыз, делінген әсерлі бейнебаянда.
Amre – «Ұмытылмас»
Амренің орындауындағы бұл бейнебаянда тарихпен бірге тағдыр үндескен. Ақ-қара түстермен өрілген бейнелер көрерменді терең ойға жетелейді.
Al’Nasr & De Lacure – «Daiyn Bol»
Бүгінгі ұрпаққа бағытталған заманауи үндеу. Рэп жанрындағы бұл әнде «өткеннен сабақ алып, болашаққа дайын бол» деген мағына басым. Бейнебаянда символикалық бейнелер мен заманауи визуал арқылы тарихи сана мен жаңаша ой көрсетіледі. Бұл жолы режиссер Қуаныш Бейсек өзін продюссерлік қырынан танытты.
Мөлдір Әуелбекова feat. ESKO – «ZAMAN»
«Бұл заман, не заман?» деп басталатын Мөлдір Әуелбекованың лирикалық үні мен ESKO-ның заманауи ритмі ұлттық тарих пен қазіргі қоғам арасындағы байланысқа жаңа көзқарас ұсынады.
Еске сала кетейік, 31 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойған еді.