20 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті Ресейден табылды

20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген күдікті Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан қылмыстық қоғамдастыққа қатысқаны, аса ірі мөлшерде есірткі заттарының заңсыз айналымы мен олардың контрабандасы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қандай қылмыс үшін ізделді?
Күдікті 2003 жылдары Өзбекстаннан есірткі тасымалдаған. Атап айтқанда героин мен опий сынды есірткі түрлерін Қазақстан арқылы өткізіп, Ресейге жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың мүшесі болған.
Қазақстанға жеткізілген азаматтың міндетіне есірткіні тасымалдау, сақтау және заңсыз тауарды қылмыстық қауымдастықтың басқа мүшелеріне өткізу кірген.
Қылмыстық топ қашан ұсталды?
2003 жылы құзырлы орган арнайы оперция жүргізіп, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан бір топ қылмыскерлерді ұстады. Нәтижесінде қылмыстық топқа тиесілі 35 кг героин мен 28 кг опий тәркіленді.
Ұсталған қылмыстық топ мүшелері сотталды. Алайда күдікті құқық қорғау органдарынан қашып, қолға түспей, жасырынып үлгерген.
Күдікті қайда тығылған?
20 жыл бойы құзырлы органдардан жасырынып жүрген күдіктінің қайда жүргені 2024 жылдың желтоқсанында белгілі болған. Ол Ресейдің Самара облысынан ұсталып, көп ұзамай Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау саулымен елге экстрадицияланған.
«Қазіргі таңда ол тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп хабарлайды пррокуратура.
Еске сала кетсек, жақында прокуратура таныстарына инвестициялық табыс уәде етіп, алған қаражатымен бірге ізін суытқан күдіктінің Ресейден экстрадицияланғанын хабарлады.