Мектептерде ашылатын жаңа штат: профориентаторларға қанша жалақы төленеді

Күзден бастап Қазақстанның бірталай мектептерінде педагог-профориентатор яғни кәсіби бағдар беру педагогтері үшін арнайы 8 мыңға жуық жаңа штат ашылады. KursivMedia редакциясы Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап, профориентаторларға жалақы қалай төленетінін және бұл сала мамандары қалай даярланатыны жөнінде сұрады.
Профориентатор болып кімдер істей алады?
Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың күзінен бастап Қазақстан мектептерінде 7920 кәсіби бағар беруші маманға жаңа штат орындары ашылады. Бұл штатқа педагогикалық білімі бар мамандар шақырылады.
Редакция бұл сала манадары қалай даярланатыны және алдағы уақытта кәсіби бағдар беруші педагог лауазымының ресми түрде бекітілуіне байланысты жаңа мамандар даярлау мәселесін көтерді. Министрлік бұл мәселенің ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзыретінде екенін хабарлады. Ал әзірше педагог деген дипломы бар маман бұл штатқа орналасуға құқылы.
Жалақы мәселесі
Министрлік профориентаторлар педагог лауазымдарының тізбесіне енгізілгенін, сол себепті олардың жалақысы дәл мұғалімдерге берілетін жалақы жүйесі арқылы есептелетінін хабарлады.
«Педагог лауазымдарының тізбесіне сәйкес педагог-кәсіби бағдар беруші педагогке жатқызылған. Бұл ретте, педагогтердің жалақы мөлшері оның білім деңгейіне, біліктілік санатына, жұмыс өтіліне, орындалатын жұмыстың көлеміне, сондай-ақ еңбек жағдайлары үшін өтемдік және ынталандырушы қосымша ақылар мен үстемеақылардың болуына байланысты есептеледі», – делінген министрлік жауабында.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының педагогтеріне лауазымдық ақыдан басқа да төлемақы беріледі. Нақты айтқанда, Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінің 4-қосымшасының 8-тармағына сәйкес, 30%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде біліктілік санаты бар мамандарға педагогикалық шеберлігіне байланысты қосымша ақы бөлінеді.
Бұл төлемақы мөлшері келесідей:
- педагог-шеберге лауазымдық ақыдан (ЛА) 50%;
- педагог-зерттеушіге ЛА-дан 40%;
- педагог-сарапшыға ЛА-дан 35%;
- педагог-модераторға ЛА-дан 30% қосымша ақы белгіленбек.
Егер педагог-кәсіби бағдар берушінің біліктілік санаты болса, онда аталған біліктілік санаты үшін қосымша ақы заңнамада белгіленген тәртіпте осындай ақы төленеді.
2025-2026 оқу жылында педагогтердің жалақысы көтеріле ме?
Редакция министрліктен ұстаздардың жалақысын өсіру мәселесін де сұрады. Ведомство ұстаздардың жалқысын өсіруге қатысты нақты ештеңе айтпаған. Құзыретті орган алдағы уақытта атқарылатын шаралар туралы емес, жалақыға қатысты осыған дейін қандай шаралар жүзеге асырылғанын айтқан.
«Мемлекет басшысы және Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мәселесіне үнемі ерекше назар аударады. Бюджет саласының қызметкерлерінің, оның ішінде педагогтердің жалақысы бірнеше рет көтерілді», – деп хабарлайды министрлік.
Министрлік мәліметінше, ұстаздар жалақысы 2001 жылдан бастап былай өскен:
- 2001 жылы 30%-ға;
- 2002 жылы 35%-ға;
- 2004 жылы 20%-ға;
- 2006 жылы 32%-ға;
- 2007 жылы 30%-ға;
- 2008 жылы 8%-ға;
- 2009-2010 жылдары жыл сайын 25%-ға;
- 2011 жылы 30%-ға;
- 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 10%-ға;
- 2016 жылы шамамен 11%-ға;
- 2019 жылы шамамен 50%-ға өскен.
Ал 2019 жылғы 2 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұстаздар жалқысын екі есе өсіруді тапсырды. Нәтижесінде 2020-2023 жылдары педагогтердің жалақысы екі есеге арттқан. Атап айтқанда, 2020 жылы 25%-ға, 2021 жылы 50%-ға өскен. Ал 2022 жылы 75%-ға, 2023 жылы 100%-ға бірақ көтерілген.
Айта кетсек, күзден бастап мектептерде жаңа штат ашылатынын Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан хабарлаған болатын.