Қазақстанның қай өңірлеріне халық көп қоныстанатыны белгілі болды

Қазақстанның 5 өңіріне халық көп қоныстанады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Бюроның мәліметінше, екі облыста және елдің үш ірі қаласында халық саны артқан.
«Жыл басынан бері көші-қонның оң сальдосы 5 өңірде – Алматы және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкентте байқалды», – делінген бюро хабарламасында.
Халық саны 5 айда қанша адамға өсті?
Бюро келтірген статистикаға сенсек, 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 353 265 адамға жеткен. Жыл басынан бері елдегі халық саны 69,8 мың адамға артқан.
69,8 мың адамның 63,4 мыңы табиғи өсім есебінен, 6,3 мыңы көші-қон есебінен артып отыр.
Халық санының өсімі бойынша Астана көш бастайды. Қаладағы халық санына көші-қон әсер етуде.
«Елорда тұрғындарының саны жыл басынан бері 29,7 мың адамға өсті, оның 78,3%-ы көші-қон есебінен», – деп хабарлайды бюро.
Қандай өңірлерден халық жаппай көшіп жатыр?
Еске сала кетсек, осыған дейін Бірінші кредиттік бюро елдің үш қаласынан халықтың жаппай көшіп жатқанын, бір жыл ішінде аталмыш қалаларда халық саны күрт азайғанын хабарлады.
Бюроның мәліметінше, Семей, Байқоңыр, Қонаев қаласынан халық көшіп жатыр.
Артынша әкімдік мәлімдеме жасап, қалада халық санының азаюына жаңадан құрылған Алатау қаласының бөлінуі әсер еткенін хабарлады.