Тоқаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығымен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылуына 70 жыл толуына орай видео үндеу жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
«Құрметті достар! Қадірлі ғарыш саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Баршаңызды «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуымен құттықтаймын», – деді Тоқаев.
Президент өңірде ғарышты игеру жұмыстары 1957 жылы басталғанын, осы жерден жасанды Жер серігі ұшырылғанын атап өтті. Осы жерден 1961 жылы тұңғыш рет ғарышкер Юрий Гагарин көкке көтерілді. Тоқаев бұл оқиғаның тарихи маңыздылығына тоқталып өтіп, адамзаттың ғылым мен өркениет прогресіне оң әсер еткенін мәлімдеді.
«Содан бері Байқоңырдан мыңдаған Жер серігі ұшырылып, ондаған миссия орындалды. Мұнда көрнекті ғалымдар, конструкторлар мен инженерлер жұмыс істеді. Ұлы жетістіктердің бастауында тұрған барлық маманға шексіз ризашылығымды білдіремін. Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұтамыз. Халқымыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанды», – деді ол.
Ауқымды ғарыш жобалары
Сонымен бірге президент еліміздің халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналатынын, «Байқоңыр» айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі екенін де атап өтті.
«Соңғы онжылдықтарда Қазақстан ұлттық экономиканың дамуына ықпал ететін бірқатар ауқымды ғарыш жобаларын іске асырды. Еліміз Байқоңырды халықаралық ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің және туризмнің орталығына айналдыруға ұмтылады. Ғарыш қызметінің жаңа нарықтарына шығу, жас инженерлердің, конструкторлар мен ғалымдардың әлеуетін арттыру жарқын болашаққа жол ашады», – деде президент.
Тоқаев Байқоңыр қаласының тұрғындарына да алғысын білдіріп, қала тұрғындарының тынбай еңбек етіп, ғарышты зерттеу ісінің ізашарларынан қалған мол мұраны мұқият сақтап келе жатқанына тоқталды.
«Бұл – зор құрметке лайық. Ғарыш саласы бүкіл адамзатты әрдайым ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңашылдық пен ғылыми-техникалық прогреске бастайды. Байқоңыр алдағы уақытта да ұлы жаңалықтар мен озық инновациялардың қайнар көзі бола береді деп сенемін! Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!» – деді президент.
Еске сала кетейік «Байқоңыр» бүгінде туристер көп баратын қалаға айналды. Бұл өңірге зымыранның ғарышқа көтерілгенін көру үшін баратын туристер саны артқан.