«Ұлттық қордан ақшаны аямай алдық» – Жұманғарин қор қаражаты қайда кеткенін айтты

Мәжілісте Мәжілісте алдағы үш жылдық «Жалпы сипаттағы трансферттер туралы» және «Республикалық бюджет туралы» заңдар қаралды. Жиын барысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады. Өз баяндамасында министр пандемия мен геосаяси ахуалдың нашарлап кетуіне қарамастан өңірлік бюджет өскенін айтты.
Сандар неге сәйкеспейді?
Депутат Ринат Зайытов әлемдегі экономикалық ахуал күрделене түскен сәтте өңір экономикасының өсіміне не әсер еткенін сұрады.
«Баяндамаңызда жергілікті бюджет кірісі дағдарыс жылдары өскенін айтасыз. Бірақ 2006 жылдар мен қателеспесем, елде 12 донорлық аймақ болды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 4-ке түсті. Сол кезде донорларға Алматы облысы қосылуы ықтимал екені, 5-шісі пайда болатыны айтылды. Алайда 2023 жылы 3-ке бірақ қысқарды. Сіздің баяндамаңызбен неге бұл көрсеткіш сәйкес келмей отыр?», – деп сұрады депутат Ринат Зайытов.
Ұлттық қордан алынатын қаражат неге көбейді?
Жұманғарин пандемия мен геосаяси ахуалға байланысты жергілкті бюджеттің кірісі Ұлттық қор есебінен көбейгенін айтты. Яғни донорлар азайғанымен, өңірлерге қаражат көптеп бөлінген. Бұл орайда Үкімет, қор қаражатын «аямай» жұмсаған.
«Пандемия кезінде бюджет шығыстары 7-8 трлн теңгеге өсті. Небәрі 2-3 жылдағы дефицит көлемі осындай болды. Яғни дефицитті өсірдік, содан кейін Ұлттық қордан қаражатты аямай алдық. 2020 жылдан бастап қордан алынатын қаражаты 5 трлн теңгеден түспеді», – деді ол.
Шектеу
Серік Жұманғарин келесі жылдан бастап қордан нысаналы трансферттер алынбайтынын, қордан қаражат алу заңмен шектелетінін атап өтті. Яғни жыл сайын алынатын 3,2 трлн теңге көлеміндегі нысаналы трансферт Ұлттық банкте қалады. Жұманғарин қордан трансферттер көлемінің соңғы бірнеше жылда неге соншалықты көбейіп кеткенін де түсіндіріп берді.
«Неге бұл қаражат өсіп кетті? Себебі пандемия кезінде өңірлерде жарты жыл бойы ештеңе дұрыс істеген жоқ. Экономика тоқтап қалды. Содан азаматтарды қолдау үшін барымызды шаштық. Сонымен бірге 2022 жылы айлық мықты өсті. Инфляция 22%-ға көтеріліп, жалақымен индексацияланды. Бұған қоса, инфрақұрылымға да көп қаражат бердік. Экономиканың даму бюджетіне қанша қаражат салсаң, ЖІӨ соншалықты өседі. Қазір бюджеттің жағдайы өте қиын. Біз қазір бәрін қойып, 1 трлн теңгені «Бәйтеректің» капитализациясына салып жатырмыз. «Бәйтерек» сол ақшаны 8 трлн-ға өсіріп, займға айналдырып жатыр. Бұл ақшаның барлығы экономикаға барады. Бұлай жасамаса, экономикалық өсім болмайды», – деді Жұманғарин.
Айта кетсек, 2026 жылдан бастап, үкімет Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансфертті шектеуді жоспарлап отыр. Яғни 2026 жылдан бастап қордан алынатын қаражат көлемі 2,6 трлн теңге ғана болады.